ТҮРКІСТАН-СІБІР ТЕМІРЖОЛЫ ТҮЙІСКЕН АУЫЛДА АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

Уақыты: 30.11.2020
Оқылды: 1183
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Айнабұлақ ауылының тұрғындары жаңадан салынған амбулаторияда емделетін болды. Бұл туралы Көксу ауданы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Түркістан мен Сібірді түйістірген ауылда заманауи үлгідегі дәрігерлік амбулатория Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді. Мұнда ауылдықтар үшін скринингтік тексерулер мен түрлі медициналық қызметтер қолжетімді. Емдеу мекемесі көрші елді мекен халқына да қызмет көрсетеді.

Тұрғындар қуанышына Көксу ауданының әкімі Алмас ӘДІЛ ортақтасты.

- Бұл Түрксіб теміржолының 90 жылдығана орай жасаған үлкен тартуымыз. Президентіміз биыл пандемияға байланысты денсаулық сақтау мәселесіне үлкен мән беріп, еліміздің барлық аумағында медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыру жөнінде тапсырма берген болатын. Міне, бүгін мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындап, денсаулық сақтау нысанын халыққа қызмет ету үшін беріп отырмыз. Тек биылдың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында білікті дәрігер Бақытгүл Жандарбекова басшылық жасайтын Алғабас ауылдық амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 121 млн.теңге қаражат бөлінсе, Түрксіб түйіскен ауылда фельдшерлі-амбулаторияның құрылыс жұмыстарына 156 млн.теңге бөлінді. Жұмысты атқарған - «Golden City DS» компаниясы. Бұдан басқа, алдағы жылы тағы үш денсаулық сақтау нысанына жөндеу өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстың барлығы медициналық қызмет сапасын арттырып, халықтың сапалы дәрігерлік көмек алуы үшін жасалып жатыр, - деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"