БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ТАЛАБЫ БҰЗЫЛҒАН: ДЕПАРТАМЕНТ ШАҒЫМ ҚАРАДЫ

Уақыты: 21.01.2021
Оқылды: 786
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті (бұдан әрі - департамент) жатырішілік ұрықтың хромосомалық патологиясы мен туа біткен ақауларын ерте анықтау мен диагностикалауға бағытталған перинаталды скринингті ұйымдастыру тәртібіне қатысты «Қазақстандық медициналық лабораториялардың қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің шағымын қарады.

Шағымды қарау кезінде департамент Алматы облысының медициналық ұйымдары перинаталды скринингтік қызметтерді өз бетінше ұсынбайтынын және мемлекеттік және жеке зертханалармен бірлесіп жұмыс жасау туралы келісім жасайтындығын анықтады, бірақ Алматы облысының медициналық ұйымдарының көпшілігі перинаталдық скринингтік қызметтерді ұсыну бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы облыстың мемлекеттік клиникаларымен келісімдер жасасуды жөн көрген.

Осылайша, медициналық ұйымдармен перинаталдық скринингтен өтуі үшін науқастар негізінен мемлекеттік медициналық ұйымдарға жіберілген.

Бұл іс-әрекетте департамент мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестікті шектеу және осы өнім нарығына қол жеткізу үшін қосымша тосқауыл қою белгілерін көрді.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабына сәйкес, Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актiлер не шешiмдер қабылдаудан көрiнетiн бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға алып келген немесе алып келуі мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.

Осыған байланысты департамент «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ-не (бұдан әрі - басқарма) мемлекеттік мекемесіне уәкілетті орган ретінде Алматы облысының медициналық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімдер жасасуға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолымен жіберілген заңбұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау туралы, сондай-ақ, бұдан әрі денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне меншіктің түріне қарамастан осы зерттеуді жүргізетін барлық медициналық ұйымдарда перинаталды скрининг бағытында бақылауды жүзеге асыру туралы нұсқама шығарды.

Осы нұсқаманы орындау мақсатында басқарма Алматы облысының барлық медициналық ұйымдарының басшыларына жазбаша түсініктеме жіберді, сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеуді және осы нұсқама орындалмаған жағдайда медициналық ұйымдардың бірінші басшысы жауап беретіндігін еске салды.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті

Сурет - ғаламтордан