ПРЕЗИДЕНТ БЕС БҮЛДІРШІННІҢ ӨЛІМІН БҮКІЛ ЕЛГЕ ОРТАҚ ТРАГЕДИЯ ДЕП АТАДЫ

Уақыты: 20.02.2021
Оқылды: 1896
Бөлім: САЯСАТ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында өрт салдарынан қаза болған балалардың ауыр оқиғасын бүкіл елдің басына түскен трагедия деп атады. Президент қайғыға ортақтаса отырып, қара жамылған отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Facebook парақшасына жазды.

«Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғысын бөлісіп, қаза болған балалардың ата-аналары мен туыстарына жұбату лебізін білдірді. Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-аналарына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Еске салайық, 19 ақпан күні түстен кейінгі уақытта Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт тіркелді. Өрт салдарынан 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бүлдіршін түтінге тұншығып, қаза тапты. Қайғылы жағдай кезінде балалардың әкесі жұмыста болғаны, ал анасы дүкенге шығып кеткені белгілі болды. Қайғылы жағдайға байланысты қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"