ТӨРТ ОҚУШЫНЫ ҚАҚҚАН ЖҮРГІЗУШІ: ТЕРГЕУ ІСІН ПРЕЗИДЕНТ БАҚЫЛАЙДЫ

Уақыты: 04.03.2021
Оқылды: 1532
Бөлім: САЯСАТ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Алматы облысында 4 оқушы қызды қаққан мас жүргізушіге қатысты тергеуді өз бақылауына алды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы әлеуметтік желіге жазды.

«Президент Алматы облысында мас жүргізушінің төрт оқушы қызды қағып кеткен жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алды. Екі қыз ауыр халде ауруханада жатыр. Мемлекет басшысы көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. Зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетіледі», - деп жазды Берік Уәли.

Еске сала кетейік, Алматы облысында мас жүргізуші 4 оқушыны қағып кетті. Әртүрлі дене жарақатын алған үш бала ауруханаға жатқызылды. Көлік қаққан екі оқушының жағдайы өте ауыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"