Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ МАЙШАММЕН ҚАРАУҒА КІРІСТІ

Уақыты: 20.04.2021
Оқылды: 817
Бөлім: САЯСАТ

Республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын және бақылауды босаңсытып алғаны үшін шенеуніктерді қызметінен босату ісі жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасына жариялады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын ретке келтіру жалғасып жатыр. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"