ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРГЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 13.05.2021
Оқылды: 1859
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Осыған байланысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде жер туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге түсініктеме жариялады. Онда: "Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі", - деп жазылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"