ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Уақыты: 13.06.2021
Оқылды: 1390
Бөлім: САЯСАТ

Ғасырлар бойы тағдырдың талқысына түсіп, тұлымды ұлы мен бұрымды қызының келешегіне алаңдап өткен ақжаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталарымыздың аңсағаны ұрпағының қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүргені еді. Тіпті, ұлттық құндылықтың бастауында тұрған халық ауыз әдебиетінің озық үлгісі – ертегілеріміздің үлкен қуанышпен, мол табыспен, озық жетістікпен аяқталуы да осыған меңзесе керек.

Құдайға шүкір, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп, төрт түлігінің тіршілігі үшін жайлау көшіп, қыстау қонған халқымыздың бүгінгі ұрпағы мамыражай кезеңді бастан кешіріп отыр. Мұның өзегінде қонағына құшағын ашқан қазақ халқының жануарды жасқамас жанашырлығы мен мейірімі, ырыс-құтты ұйыстырар ынтымағы мен көпшілдігі, қатуланған көңілді жібек желдей жібітер ықылас-пейілі жатыр. Әйтпесе, заманалар парағы ауысқан тұстардағы қилы кезеңдерде ұлт ретінде жойылып кету қаупін басымыздан өткергеніміз айнымас шындық, бұлтартпас ақиқат. Өткен ғасырдың ішінде көрген қорлығымыз бен бастан өткен қырғын соның дәлелі. Ұлтының мызғымас ұстынына айналар асыл текті ұлдарын тоғыз грамм қорғасынның баудай түсіргені тағы да рас. Сталиндік және голощекиндік репрессияның құрбанына айналған миллиондаған ата-әжелер рухының өтемін кімнен сұраймыз? Аштық пен Саяси қуғын-сүргіннің қысымынан қырылған қазақтың құнын кім өтейді? Сұрақ – ауыр, жауап – табылар... Дегенмен, өткеннің құнын даулағаннан гөрі келешектің күні жарық болғанын тілеген дұрыс. Бұл да – халықтық дүниетанымның жарықшағы. Ондайды қазақ: «Өткенге – салауат, тіріге – аманат!» деген бір ауыз сөзбен тұжырымдаған. Ендеше, еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде тұрып, өткен күндердің қиындығын оймен шолайық, келешектің таңы нұрлы болуын тілейік!

Азияның қақ ортасындағы Қазақстан Республикасының жаңа бастамалары әлем халықтарының назарын аудартып жатты. Олардың қатарында АҚШ, Жапония, Франция сынды елдер бар болатын. Өйткені, 1945 жылғы тамызда Жапонияның Хиросима, Нагасаки қаларына тасталған атом бомбасының зардабы мен зарын ешкім ұмыта қоймаған-ды. 

Жер бетілік уақыт өлшемімен 30 жылдың бір кісінің ғұмырына пара-пар екендігін білсек те адамзат тарихымен салыстырғанда қысқа екендігін байқаймыз. Отыз жылда талай су ақты, талай өзен сарқылды, талай тоған толып, талай пейіл өзгерді. Жақсылығынан айырмасын деп тілейік, әдетте, айтқан сайын жақсылықтың молаятынын біліп жүрміз. Ал, жамандық жайлы қысқа қайыруды халқымыз: «Қазан аузы жоғары, мал құлағы саңырау» – деп түсіндірген. Сондықтан жамандықтан аулақ, еліміз жақсылық пен береке шылауына оралған мемлекеттердің қатарына қосылсын!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің соңғы 30 жылдағы жетістігі мен көрсеткішін жанымен сезінген қайраткер ретінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жазып, «Egemen Kazaqstan» газетіне жариялады. Күн астында қанат жайған қырандай қалықтаған қазақ халқының басынан өткен нәубетті жылдар мен ақтаңдақтарға қатысты мәліметтерді қамтыған мақалада тәуелсіз мемлекеттің отыз жылдық кезеңі онжылдықтар бойынша жіктеліп, салиқалы оймен сараланған. Алғашқы онжылдықты «Жаңа Қазақ- станның іргетасын қалау кезеңі» деп атаған Президент осы уақыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгенін, Қарулы Күштеріміз құрылып, Ата Заңымыздың қабылданғанын, алыс-жақын шет мемлекеттермен дипломатиялық байланыс орнап, Қазақстан Республикасының беделді халықаралық ұйымдарға мүше болғанын, «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданып, ел аумағының ядролық қарудан тазартылғанын атап өткен.
Шынында Елордасын Сарыарқаның төріне көшіріп, шығыстағы көршісі Қытай Халық Республикасымен арадағы шегараны шегендеген Қазақ елін күллі әлем ядролық қарудан бас тартып, адамзаттың ғұмырына кесірін тигізер атом бомбасының сынақтарын айыптауынан соң жақын тани бастады. Бұл әлемдік зұлымдыққа жалаң қолмен қарсы шапқан көзсіз батырдың ерлігіндей еді. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Семей полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қоюы дүниежүзінің жұртшылығына атомды тек бейбіт мақсатқа қолдануға болатынын ұғындырғандай әсер етті. Сол тұста АҚШ-тың Невада штатында да ядролық сынақтар жүргізіліп жатқан болатын. Соны жақсы білетін америкалықтар үшін Назарбаевтың бастамасы соны бастама, тың тақырып болып көрінгені жасырын емес. Кейіннен КСРО сынды алпауыт мемлекеттің саяси ұстанымына қайшы келген қадамның маңыздылығы жайлы естелік айтқан ақын, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов: «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы 1989 жылы сәуір айында Әділет министрлігінде Қазақстандағы ең алғашқы үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелді. Нұрсұлтан Назарбаев қозғалысқа басынан бастап қолдау көрсетті, сол үшін оған алғыс айтамыз. Әр сөйлеген сөзінде бірнеше мәрте: «Мен Кеңес одағының әскери-өнеркәсіптік кешені мен басшылықтың қысымына қарамастан, Қазақстан халқының арқасында ядролық полигонды жаптым!» – деп кесімді пікір білдіруі бізге демеу болды», – деп «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыс атынан Мәскеудегі КОКП Орталық комитетіне, КСРО Жоғарғы кеңесіне және КСРО Министрлер кабинетіне хат жолданғанын баяндайды. Міне, осының өзі сіреу қардай сірескен саясаттың мұзын жалынды отпен еріткендей қажырлы еңбектің салмағынан хабар берсе керек. Жетпіс жыл бойы айтқанын орындатып, қалағанын алған Кеңес одағы үшін бұл ауыр соққы еді. Соның арқасында Семей жеріндегі сынақ алаңындағы жарылыстар толастап, жауыздықтың тамырына балта шабылды.
Азияның қақ ортасындағы Қазақстан Республикасының жаңа бастамалары әлем халықтарының назарын аудартып жатты. Олардың қатарында АҚШ, Жапония, Франция сынды елдер бар болатын. Өйткені, 1945 жылғы тамызда Жапонияның Хиросима, Нагасаки қаларына тасталған атом бомбасының зардабы мен зарын ешкім ұмыта қоймаған-ды. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы елімізді адамзат тарихындағы жойқын қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде таныстырды. Мұның салмағы мен сауабы орасан. Себебі, бір адамды тірі алып қалу күллі адамзатты құтқарып қалумен тең екендігі жазылмаған заң іспетті.
Мінеки, осыдан бастап бейбітшілік, ынтымақ, келісім сынды адамзатқа ортақ қадамдарды ту етіп көтерген еліміз – Қазақстан Республикасының өзге де бастамалары оңынан шешіліп, әлемдік саясатта өзіндік орны мен үнін қалыптастыра бастады. Содан бастап іргелес мемлекеттермен арадағы шегара жөніндегі келіссөздер жүргізіліп, қазіргі территориямыз заңмен бекітілді. Елдегі экономикалық ахуалдың дұрыс қалыптасуы шағын және орта кәсіпкерліктің қанатын кеңге жаюына мүмкіндік берді. Соның арқасында отандық бизнестің негізі қаланды. Қазір ірі-ірі қалалар мен аудан орталықтарында ашылып жатқан сауда үйлерінің сөрелерінен «Қазақстанда жасалған» деген белгінің көптеп сұранысқа ие болуы осының дәлелі.
Ғасырлар бойы жаугершіліктің зардабын тартып, ағайын-туыстың қадірін ұғынған халқымыз: «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қарындасқа қамқорлық танытудың қажеттігін ұғындырады. Саяси қуғын-сүргіннің қысымымен дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырған бастамалы ұлы көш әлі жалғасуда. Осы көштің көмегімен жыл өткен сайын халқымыздың саны артып, келешегінің жарқын болуына кепілдік беретін жас ұрпақ өсіп келеді. Елі мен жерінің, мемлекеті мен ұрпағының болашағына алаңдайтын адамдар барда ертеңгі, арғы күннің жарқын болары анық. Өйткені ұлттың барша құндылығы ұрпақ қамын ойлаудан тұрады. Тіпті, мәңгілік тақырып ретінде көтеріліп келе жатқан мәселелердің  бірі – бала тәрбиесі, ұрпақ қамы екендігін ұмытпауымыз керек. Сонда ғана келешек кемел, болашақ баянды болмақ.
Осы бағытта еліміз бірқатар нысаналы бағдарламаларды қолға алып, өскелең ұрпақтың санасы биік, тәрбиесі дұрыс қалыптасуын қадағалап келеді. Атап айтқанда, алдымен «Мәдени мұра» бағдарламасымен жинақталған халқымыздың рухани байлығы соңғы кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен толықтырылып жатыр. Кезінде кеңестік идеологияның жасқауымен ұмыт қалдырған асыл мұраларымыз жинақталып, ескерусіз кеткен асыл қасиеттеріміз ізделуде.
Биік белес секілді көрінген отыз жылдық уақыт ішінде бірқатар жетістікке қол жеткізіп, ұлттық санада дүмпу орын алды. Кезінде «түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген ұстаныммен өмір сүрген халқымыз ең тиімді кәсіп – білім алу екендігін жақсы ұғынды. Білім мұхитына қайық салып, желкен керген бұрымды қыздарымыз бен тұлымды ұлдарымыз әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, күллі дүние жұртшылығына қазақ халқының асыл қасиеттерін таныстырудан танбай келеді. Солардың көпшілігі туған жеріне қайта оралып, елінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді.

Дамыған  отыз елдің қатарына қосылуды межелеген Қазақстан Республикасында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар қолға алынып, халықтың игілігіне жұмыс істейтін жетістіктер жүзеге асырылды. Осының бәрі соңғы 30 жылдың нәтижесі екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Оның артында бейбітшілік пен тыныштық сүйгіш халқымыздың даналығы мен парасаты, бірлігі мен ынтымағы, әрбір азаматтың қажырлы еңбегі жатыр. Ендеше, қолдағы бар Тәуелсіздікті сақтау жолындағы еңбегіміз баянды болсын!

Мәди АЛЖАНБАЙ