Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ӘКІМДЕРДІ ЕНДІ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ САЙЛАЙДЫ

Уақыты: 03.07.2021
Оқылды: 1087
Бөлім: САЯСАТ

Алдағы тамыз айынан бастап өкілеттігі аяқталатын әкімдерді енді жергілікті халық сайлайды. Бұл еліміздің саяси өміріндегі үлкен жаңалық.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәутовтың айтуынша, биылғы сайлауға қатысушылар өз кандидатураларын 40 күн бұрын ұсынып, насихат жұмыстарын жүргізеді. Үміткерлерді тіркеу сайлау күнінен 10 күн бұрын аяқталады. Осы уақыт ішінде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттарды тексереді. Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары, тіркелген кандидаттар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және сайлауға дайындық жүзеге асырылады.
– Алматы облысында аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық округтердің 71 әкімі сайланады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 113-3-бабына сәйкес 2021 жылғы 25 шілдеде ауылдық округтер әкімдерін сайлау өтеді, – деген Тимур Ермекұлы жаңа саяси науқанның ерекшелігіне тоқталды. – Сайлау науқаны Алматы облысының 71 округінде өтеді. Ақсу ауданы бойынша 9 әкім, Алакөлде 8, Балқашта 6, Еңбекшіқазақта 10, Ескелдіде 1, Жамбылда 2, Іледе 1, Қарасайда 1, Қараталда 2, Кегенде 5, Кербұлақта 4, Көксуда 4, Панфиловта 4, Сарқанда 3, Талғарда 4, Ұйғырда 6, Текелі қаласында 1 әкім сайланатын болады. Райымбек ауданында, Талдықорған және Қапшағай қалаларында бос округтердің болмауына байланысты ауылдық округтер әкімдерін сайлау өткізілмейді. 
Облыстық комиссия төрағасының айтуынша, сайлау округтерін тағайындау, құру туралы ақпарат, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары аудандық, қалалық әкімдіктердің сайттарына орналастырылған және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланады. Сондай-ақ, сайлауда 17 аумақтық және 198 учаскелік сайлау комиссиялары, 1451 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Сайлаушылар саны 222 мыңнан астам адамды құрайды.
Маусым айының 26-сынан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталды. Ұсыну құқығын саяси партиялар, жекелеген азаматтар өзін-өзі ұсыну жолымен пайдалана алады. 1 шілдедегі жағдай бойынша 101 кандидаттың 91-і өзін-өзі ұсынса, 1 кандидатты «Nur Otan» партиясы, 8 кандидатты «Адал» партиясы, 1 кандидатты «Ауыл» ХДПП ұсынды. Олардың 52-сі мемлекеттік қызметші, 12-сі коммерциялық құрылымдардың өкілі, 32-сі бюджеттік ұйымдардың қызметкері болса, екеуі қоғамдық бірлестіктің қызметкері, үшеуі уақытша жұмыс істемейді.
Әкімдікке кандидат ұсыну 9 шілдеде аяқталады. Кандидаттарды тіркеу 14 шілде күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады.

Мәди Әсетұлы
Сурет ғаламтордан алынды