АУҒАНСТАНДАҒЫ АХУАЛ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЕКІНШІ РЕТ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 16.08.2021
Оқылды: 1018
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты кешелі бері екінші рет жиын өткізді.

Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды. Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, күштік құрылымдардың, атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдай министрліктері, Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі басшылары мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қатысты.

Жиында Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл осы елмен бұдан былайғы ынтымақтастық бойынша шешім қабылдау үшін аса маңызды.

Айта кетейік, Ауғанстанда қазір ахуал күрделі. "Талибан" қозғалысының содырлары Ауғанстанның ең маңызды қалаларын басып алды. Сондай-ақ, Ауғанстан Президенті ел астанасы Кабулды қантөгіссіз босатып беріп, желіде мәлімдеме жасады. Осыған байланысты Қазақстанда Ауғанстаннан келген азаматтарды қабылдайды екенбіз деген алыпқашпа әңгіме тарады. «Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады», - делінген Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

«Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан Елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», - деп жазды ҚР Президенті Twitter парақшасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"