ДИЕТА ҰСТАМАЙМЫН: НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ СЕГІЗ ҚЫРЫ

Уақыты: 13.09.2021
Оқылды: 2201
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы тарау-тарау тағылымды әңгімелер ел жадында. Қазақстан ғана емес, күллі әлем оның батыл қадамдарын үлгі тұтады. «Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз» деген бір ауыз сөзі әр қазақстандықтың жүрегінен орын алды. Ел экономикасы мен мәдениетін, әлеуметтік жағдайын өрістету жолында атқарған ұшан-теңіз қызметі үнемі айтылып келеді, әлі де айтыла бермек. Сондықтан біз Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше әрі көпке үлгі болған қаиеттерін сөз етпекпіз.

Сан қырлы саясаткер өнерден кем де емес. Оған дәлел – домбырамен халық әндерін әуелете шырқауы. Интернеттің қарыштап дамуының ықпалымен әлеуметтік желі арқылы халық барлық жылт екен жаңалықтан хабардар болып отыр. Ғаламтордан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы елді елең еткізер қызықты ақпараттарды көптеп кезіктіруге болады. Әсіресе, «YouTube» желісіндегі бейнематериалдар кең таралып, интернет қолданушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Солардың бірі – тоқсаныншы жылдары Қаскелеңге барған іссапарында: «Сіздермен жүздескенде жас кезімдегі қуатымды алатындай боламын. Кездескім келіп тұрады. Қаскелеңге барғанда жүрегім бір аунап кетеді. Әркімнің өзінің алтын бесігі – кіндік қаны тамған жері тәтті болады», – деген сөзді тебірене айтып, ішкі толқынысын әнмен жалғайды. Қазақтың қанына біткен ұлттық өнерді ұлықтай келе:

«Мен жасымда, жігіттер, топтан астым,

Менменсіген талайдың көңілін бастым.

Қасыма ерген жігітке олжа салып,

Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.

Абылай аспас Арқаның сары-ай белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,

Нияздың Аюлы мен Қара көлі», – атты Иманжүсіптің әнін домбырамен орындағанда тебіренбеген жан қалмады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұрт арасында туған ел, жер, тіл мен діл, салт-дәстүр жайлы айтқан тағылымды ойлары да әлі күнге дейін ұмыт болған емес. Күмбірлете шерткен күйі мен тамылжыта салған әндері ұлт перзентінің қазақ топырағанда ержетіп, игі қасиеттерді бойына сіңіріп өскендігінің дәлелі.

Әйелдер жайлы айтқан әзілдері де «Сөз тапқанға қолқа жоқтың» айнымас көрінісі. Онда ол: «Әрбір әйел күніне 20 000 сөз айтады. Еркек кіндіктілер сүйісуді олардың үндемеуі үшін ойлап тапқан», – десе, ер жігіттерге: «Егер әйелге ұнағың келсе, ол әдемі болса, оған «ақылдысың» деп айт. Ал егер ол онша көрінбесе, «әдемісің» де, егер екеуі де болмаса «қалай арықтап кеткенсің» деп айт», – деп кеңес береді.

Халықаралық басқосудың бірінде Түрік мемлекетінің тұрғыны Нұрсұлтан Әбішұлына: «8 миллион әйел сізді жақсы көреді», – дегенде: «Онда Сұлтан Сүлейман демала берсін», – деп жауап қайтарады. Жиынға қатысушылар Елбасының тапқырлығына таңданып, қошемет көрсетеді. Дәрігерлер жайлы: «Дәрігерлер үш санатқа бөлінеді. Біріншісі – Құдайдан, екіншісі – Құдаймен, ал үшіншісі – Құдай сақтасын», – деген әзілі де халықты ду күлкіге бөлеген еді.

«Адамға Құдай өмірді бір-ақ рет береді, оны Шымкентте сүру керек», – деген сөзін әрбір шымкенттіктің аузынан естуге болады. Бұл да сан қырлы саясаткердің тапқырлығын танытады. Ал телеарнаға сұхбат беру барысында журналист: «Көп елдердің басшылары диета ұстап, өздерін күтінеді, ал сізде қалай?» – деген сауалына Елбасы: «Қазір бәрі арықтағысы келеді, арықтардың өзі арықтағысы келеді. Ет пен майлы тағам жеу зиян дейді. Біз қазақтар етсіз қалай өмір сүреміз? Бір ұрыны ұстап алып: «Неге ұрлайсың?» – дегенде, ол: «Жылқының еті тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояйын», – деп айтыпты. Сол сияқты адам организмі не қажет етсе, соны жеу керек. Біздің сүйегімізге сіңген генетикалық жағдайымыз бар. Оны өзгертуге бола ма? Мен әрдайым адам спортпен айналысу керек деп айтамын. Өз-өзіне қарау керек. Дені сау ұлт болуымыз керек. Жастарымыздың барлығы осыған әуестеніп келеді. Ешқандай да диета ұстамаймын», – деп жауап қатуының өзі табиғаттың заңдылығына қарсы келмеуге шақырады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлының ең сүйікті спорт түрінің бірі – үлкен теннис. Осы спорт түріне арнайы уақыт бөліп, тұрақты түрде жаттығу жасап келеді.

Жылқыға міну де адам организміне пайдалы екендігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Ол да спортқа жататынын ескерсек, Елбасының жайлауға жиі барып, атқа мінуі де елге үлгі. Одан бөлек, суға жүзу мен тауға шығу, шаңғы тебу сынды спорт түрлерінен де әлі күнге дейін қол үзіп көрген емес. Салауатты өмір салтын сақтауды әркім өзінен бастау керектігін айшықтап берді. Орынды әзіл мен ұтқыр пікір, оңтайлы сын мен ұтымды ой Нұрсұлтан Әбішұлының беделін биіктетпесе, аласартпады.

Спорт тек денені ғана шынықтырып қоймайды. Ол миды тынықтырып, ойлау жүйесін де жақсартады. Ал денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін ғылым әу баста дәлелдеп қойған. «Егер бір нәрсені өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген тәмсіл бар. Елдегі спорттың дамуы үшін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте өзіне мән берді. Осы ерекшелігі бүгінгі күні барлық Мемлекет басшыларына үлгі болды. Уақытының бір бөлігін жаттығуға арнайтын ол тенниске ерекше көңіл бөледі. Аталмыш спорт түріне 40 жастан кейін қызығыпты. Ал жастарды жігерлендіру үшін 2014 жылы Қазақстанға әлемдік жұлдыздар табан тірейді. Испандық теннисші Рафаэль Надаль мен француздық Жо-Вильфрид Тсонга мастер-класс өткізіп, өзара ойын көрсетті. Сапар соңында Надаль Нұрсұлтан Әбішұлына ракеткасын сыйға тартты. Содан бері үлкен тенниске жастардың қызығушылығы ерекше артып, арнайы орталықтар салынды. Жыл сайын Президент кубогы үшін халықаралық жарыстар өтеді.

Елбасы бір сөзінде: «Мен қашанда жастар спортпен көп айналысу керек дегенді жиі айтамын. Біз салған спорттық нысандар жастармен толып тұруы тиіс. Бұл барлығымыз үшін қажет», – деген еді. Осыдан-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа қаншалықты мән беретінін байқауға болады. Әсіресе, елде онша дами қоймаған түрлеріне көп көңіл бөледі.

Солардың бірі – гольф. Ол, тіпті, ТМД аумағында аса танымал емес. Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен Қазақстанда бұл спорт едәуір даму үстінде. Алғаш гольф добын Елбасы 1996 жылы соқты. 2015 жылы Астана кубогы үшін ашық турнир өтті. Оған Елбасы өзі қатысқан еді. Елбасының бұл қызығушылығы әріптестерін де бейжай қалдырмаған. Қазір Ахметжан Есімов, Нұртай Әбіқаев, Тимур Құлыбаев, Зейнулла Кәкімжанов сынды бірқатар азамат осы спорт түрімен айналысып жүр. «Спортшылар – бейбітшілік уәкілі. Олар адамдарды жақындастырады. Спорт мемлекеттің де мүмкіндігін көрсетеді», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі үлкен мәнге ие.

«Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталған. Сондықтан да ат спортын жаны сүйеді. Жылқыға бала кезден құмар. Талай мәрте ҚР Президентінің кубогына қатысып, кезеңдік жарыстарын тамашалаған еді. «Мұндай халықаралық жарыс Қазақстанда ат спортын дамытуға қуатты серпін береді. Осындай турнирлердің арқасында біздің еліміз әлемдік ат спорты орталығының біріне айналып отыр», – деген сөзі ел есінде. Ал күреспен бала кезінен айналысқан. Оны әкесі Әбіш үйретеді.

Жетістігі де жоқ емес. Украинада оқып жүргенде Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лев Ежевскийден тәлім алады. Онда классикалық және еркін күреспен қатар айналысқан. 1959 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы атанған. Осылайша ол спорт шебері атағын алады.

Нұрсұлтан Назарбаев үшін шаңғы спорты да ерекше мәнге ие. Әсіресе, тау шаңғысына қатты қызығушылық танытады. Елбасы тауда шаңғыны алғаш рет 55 жасында тепкен. Шымбұлаққа жиі барып тұрады. Ол бұл спорт түрін ерекше ұнататынын айтады. Сондықтан, барлық қазақстандықтарды шаңғы тебуге шақырады. Қазақстанда таулы өлкелер көп болған соң аталмыш спортты дамытуға мүмкіндік мол. Нұрсұлтан Назарбаевтың жас кезіннен ойнаған спорт түрлерінің ішінде волейбол да бар. Бұл спорттың болашағына Елбасы көп көңіл бөледі. Велоспорттан «Астана» командасы әлемге танымал. Елбасы телеарнадан үнемі «Астананың» маңызды жарыстарын тамашалап, қолдау көрсетіп отырады.

Салауатты өмір салтын ұстанатын Елбасы қашанда жастарды спортқа үгіттеп келеді. «Challenge сен басқасың!» атты республикалық акцияға қолдау білдіріп, жолдаған бейнеүндеуі жұртқа жігер сыйлады. Өз сөзінде ол: «Бақыттың 90 пайызы денсаулықтан тұрады. Байлық та, билік те бақыт сыйлай алмайды. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты. Мен өмір бойы спортпен айналысып келемін. Сендерді де осыған шақырамын», – деп елдің дамуы спортқа тығыз байланысты екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар: «Спортты дамыту үшін барлық жағадайды жасап жатырмыз. Жыл сайын жаңа нысандар ашылады. Соның арқасында чемпиондар көбеюде», – деген пікірді алға тартты.

Нұрсұлтан Әбішұлы спортпен ғана айналысып қоймай, үнемі газет-журнал оқиды. Ақындық пен сазгерлік қыры тағы бар. «Жігітке жеті өнер де аз» деп осындайда айтса керек. Сол себепті елдің болашағы дені сау ұрпақтың қолында. Солар ғана өнер, білім, ғылымды дамыта алады. Бүгінде Тәуелсіздіктің еккен дәні жеміс беруде. Қазақстанға қызыға қарайтын елдің саны еселеп артып келеді. Шетелден арнайы сапар шеккен туристер соның айғағады. Сондықтан Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Елбасының ерлігі қатар айтылуы шартты жайт.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Суреттер ғаламтордан алынды