Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ»: ӨНЕРІ ӨРІСТЕГЕН ӨЛКЕ

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 571
Бөлім: САЯСАТ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі уақытта өнер саласында ғана емес, жалпы мемлекетіміздің алға қадам басуында небір дағдарыстар кездескені бәрімізге белгілі. 

«Өкімет өлтірмейді» деген кеңестік идеология келмеске кетіп, нарықтық қоғам басталғанда нені, неден, қалай бастауымыздың өзі санаға біраз салмақ салды. Әркім күнкөрістің қамын ойлап, күйбең тірліктің қамытын киген кез әлі есімізде. 
Ғасырлар керуенінде небір қиындықты бастан өткерген аталарымыз «Көш жүре түзеледі», «Ештен кеш жақсы» деп қандай сын сағат кездессе де байыппен барлап, сабырмен шешім шығаруды үйретіп кеткен. Қанда бар сол бір қасиет елдің көңіліне күдік пен үміт қатар ұялаған сәтте ертеңге деген сенімімізді оятты. Бұлт артынан шуағын шашып күн шығатынына сендірді. Міне, арада отыз жыл өте шықты. Арқа төсінен астанамыз бой көтерді. Алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасымыз көбейіп, еліміз таныла бастады. Облыс орталығы Талдықорғанға келіп, бір кездері қаңырап қалған қала бұл күнде көрген жанның көзі сүйсініп, көңілі толатын әсем қалаға айналды. Қаламыз жайлы ақындар өлең жазса, композиторларымыз оларды әнге айналдырып, шабытқа бөленуде. Ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, қазір өзім тізгінін ұстап отырған облыстық Сүйінбай атындағы филармония ұжымының өзі біраз елге танылып үлгерді. Жеке дауыстағы әншілеріміз шегара асып, шетелге барып ұлттық өнерімізді паш етіп жүр. «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі де талай додада топ жарып, ұлттық би өнеріміздің өрісін кеңейтті. Ұлт перзенті Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың қолдауымен өмірге келген «Адырна» мен «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері Жетісу жұртына ғана емес, жалпы елімізге танылып үлгерген өнер ұжымдары. Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі де тәуелсіздіктің құрдасына айналып, отыз жылдық мерейтойына орасан жетістікпен келді. Рас, Сүйінбай атындағы филармониядағы жоғарыда аталған ұжымдар кеңестік дәуірде құрылып, сол уақытта-ақ танымал болған еді. Ал облыс орталығы келген алғашқы жылдары «Құрмет» орденінің иегері марқұм Мұратбек Жүнісбеков ағамыз құрған «Қобыз сарыны» ұлт-аспаптар ансамблі көне ғасырдың үнін жеткізген жәдігеріміз десек те болады. Эстрада үрлемелі аспаптар оркестрінің де жетістігі мол. Соңғы жылдары құрылған күйші-композитор Секен Тұрысбековтің жетекшілігіндегі «Ақ жауын» камерлық оркестрі де ұжымға жаңаша леп әкелді.
Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық кезеңде қиындыққа тап болғанымен қазір бұл ұжымның шыққан биігі мен асқан асуы ауыз толтырып айтарлықтай. Біздің ұжымның әр жылдағы жеңісін тәуелсіздікке тартуымыз десек те болады. 

Данияр Құрамысов, 
Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның директоры, 
ҚР Мәдениет қайраткері
Сурет ғаламтордан алынды