ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТАҒЫ БІР ҚЫЗМЕТІН ТОҚАЕВҚА ӨТКІЗІП БЕРДІ

Уақыты: 23.11.2021
Оқылды: 1384
Бөлім: САЯСАТ

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Nur Otan» партиясының Төрағасы қызметін Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА өткізіп беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай желідегі парақшасына жаңа жазба жариялады. «Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, партияны ел Президенті басқаруы керектігін атап өтті. Өкілеттікті беру рәсімі партия жарғысына сай жүзеге асатын болады», - делінген ресми хабарламада.

Айдос Үкібай Елбасы шешімі туралы бұл билік транзитінің қисынды жалғасы деп баға берді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те бұл билік транзитіне толықтай сай келетін шешім екенін алға тартты. «Қасым-Жомарт Кемелұлы «Nur Otan» құрылғаннан бастап оның басы-қасында. Ұзақ уақыт партияның басқарушы және маңызды шешімдер қабылдаушы органы – Саяси Кеңес Бюросының мүшесі болып табылады. 2019 жылы Президент лауазымына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы осы "Nur Otannan" ұсынылды. Соңғы Парламент сайлауында партия Мемлекет басшысы өзі жария еткен сайлауалды бағдарламамен айқын жеңіске жетті. Сол берілген уәделерді орындау – билеуші партияның қазіргі уақыттағы басты міндеті. Елбасы атап өткендей, қазір «Nur Otan» қоғамды Президентіміздің мемлекеттік бағдары төңірегіне топтастыруы қажет. Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді. Қосарланған билік туралы айтылған барлық негізсіз пікірлер мен орынсыз ұйғарымдарды теріске шығаратын қадам. Елбасының ел үшін және билеуші партия үшін осындай маңызды шешімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қабылдауы үлкен символдық мәнге ие деп білемін», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"