ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ. БҰЛ МЕРЕКЕНІ ЖАС ҰРПАҚ ЖАДЫНДА ҰСТАУЫ ТИІС

Уақыты: 01.12.2021
Оқылды: 1763
Бөлім: САЯСАТ

1 желтоқсан – қазақ халқы үшін маңызды күн. Біз және жас ұрпақ бұл күнді жай ғана мереке деп атап өтпеуі керек. Бұл күннің маңызы өте тереңде. 1991 жылы дәл осы күні біз Тұңғыш Президентімізді сайладық. Ал 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізді жарияладық. Осы екі мереке бір-бірін толықтырып, тарихи өміршеңдігімен қазақ халқының жадында мәңгі сақталатындығы сөзсіз.

Мен осы шағын мақаламда Елбасының істеген ісіне тоқталғым келеді. Елбасын бір ғана Қазақстан Республикасының ғана емес, жалпыұлттық, халықаралық маңызы бар мәселелердің авторы деп айтар едім. Тәуелсіздік алған кезде халық қатты алаңдады. Әрі қарай не болады, қалай өмір сүреміз, республика тағдыры не болмақ деген сауалдар кімді болсын ойландырып тастады.

Осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев барлық сауалға толық жауап берді және бұдан әрі біз әлемдік өркениет жолымен алға жылжитынымызды, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық дами алатынын және өркендейтінін нық сеніммен жеткізді. Елді бірлікке шақырды. Қазақ тілінің аясын кеңейтіп, дамытуға күш салды. Қазақстанның жас азаматтары үшін қазақ тіліндегі балабақшалар, мектептер, спорт кешеңдерін және басқа оқу орындарын ашты. Қазақстан тарихы мен мәдениетінің, қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың насихатталуына қызмет етті. Ақын-жазушылардың, ғалымдардың шығармашылық ізденісіне жағдай жасады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның әлемге танымалдығын арттырды.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осы ретте Тұңғыш Президентіміз бейбітшілік пен достықтың мызғымас қазығын қадады. Біз осы береке-бірліктің арқасында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Біздің халқымызда елін ардақтау, Отанды сүю, өзгені құрметтеу секілді адами қадір-қасиет өте терең дамыған. Тұңғыш Президентіміз осы қағиданы алға қойып, көп жылғы стратегияны құрды.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзге елдермен арадағы қалыптасқан жемісті ынтымақтастықты тұтас мемлекеттің игілігі үшін дамытуға бар күшін салды. Тиімді басшылық етудің арқасында Қазақстан Орталық Азия өңірі елдерін дамыту саласындағы өзінің маңызды мәртебесін сақтап, Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналды. Сондай көрегендігінің арқасында жаһандық сын қатерлерге қарсы күресу үшін құрылған, жыл сайын өткізілетін Астана экономикалық форумы мен басқа да маңызды халықаралық бастамалар біздің мемлекетіміздің мәртебесін асырып, әлемге паш етті. Алпауыт елдің басшылары Елорда төрінде бас қосып, жаһандық мәселелерді шешуі Нұрсұлтан Назарбаевтың парасаттылығы мен беделінің жоғары екенін айқындап тұр.

Осындай ұлы істердің арқасында Қазақстан заманауи және демократиялық мемлекетке айналды. Бұл – Елбасының орасан зор жетістігі. Болашақта біз табысты, қадамы нық, ауызбірлігі мықты мемлекет ретінде өмір сүретінімізге сенімдімін. Біздің мемлекет өзара ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жоғары бағалайды.

Қазақстанның заманауи өнеркәсіп өндірісін одан әрі дамытуға бағытталған жобаларға Нұрсұлтан Назарбаев тікелей назар қойып және қолдау көрсетті. Агроөнеркәсіп саласы әлемдік талаптарға сай дамып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады.

Қазақстан атты мемлекетті БҰҰ құрамындағы барлық мемлекет түгел мойындады, тәуелсіздігін таныды. Әлемнің 150-ден астам елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақтың шегарасы айқындалды.

Міне, сол себепті де тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы Елбасы атымен тікелей байланысты.

Оралбек ЖАҚИЯНОВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы