ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН КӨРІСУ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 14.03.2022
Оқылды: 1739
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ барша ел-жұртты Амал мерекесімен (Көрісу күні) құттықтады.

«Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!» - деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында.

Сөйтіп, Мемлекет басшысы барша ел-жұртты Көрісу күнімен құттықтап, көнеден келе жатқан мейрамның мән-мазмұнын арттыра түсті. Қазақстанның батыс бөлігінде әлі күнге дейін кеңінен тойланатын Амал мерекесі бүгінде қайта жаңғырып, ел аумағы бойынша аталып өтуде.

Расымен де, Амал мерекесі немесе Көрісу күні көнеден жеткен игі дәстүрдің бірі. Қыс қыстауға, жаз жайлауға көшетін халық қардың көбесі сөгіліп, көктем шыққан уақытты жақсылыққа балап, бір-біріне ізгі тілек арнауға асыққан. Қыс мезгілінде көшпенді халықтың барыс-келісі, туған-туыспен, көрші-қолаңмен араласуы қиындай түсетіні анық. Омбы қарда қатынау да оңай болмайды. Көктем әр қазақ үшін жыл бастауы. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мекерекесінің де дәл осы көктемде тойлануы тегін емес. Қыстың қытымыр суығынан, үскірік аязынан аман-есен өттік-ау деген жұртшылық кем дегенде жақын маңдағы үш үйдің есігін ашып, қал-жағдайын сұрасқан. Әсіресе, жасы кішілері қариясы бар үйлерді аралап, көрісіп шыққан. Оның ішінде, құдайы көршінің орны тіптен бөлек. Көрісу күнінде азаматтар бір-біріне: «Жаңа жасыңмен», «Жасың құтты болсын», «Жасың қайырлы болсын», – деп ізгі тілек айтып, төс қағыстырған.

Көнеден жеткен мерекеде әрбір тұрғын үй ішін тазалап, есік алдын ретке келтіріп қоятын болған. Наурыздың 14-нші жұлдызында адамдар таң қылаң бере оянып, амандық-саулық сұрасады. Көрісуге келген ағайынға үй иесі ақ дастарқан жайып, дәмнен ауыз тигізеді. Бауырсақтар, жеті шелпек пісіріледі. Көбінде түске дейінгі уақытта мерекенің негізгі бөлігі атқарылады. Яғни, түс кезінде төс қағыстырып, хал-жағдай сұрасу рәсімі аяқталады.

Көрісу күнінің негізгі мәні – өкпе-ренішті ұмытып, кешірімділікке, кішіпейілділікке, сыйластыққа шақыру. Ең абзалы, бұл мерекеде қабақ шытпай, көтеріңкі көңіл-күймен жүрген жөн.

Көрісу күні – Ұлыстың ұлы күні жақындағанын білдіретін мейрам. Амал мерекесі ары қарай Наурызбен ұласып, шат-шадыман той-думанмен жалғасын табады.

Жаңа жасыңмен, қазақ елі!

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"