Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ПРЕЗИДЕНТ ПАРТИЯДАН КЕТТІ. "AMANAT" ПЕН "ADAL" БІРІКТІ. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН

Уақыты: 26.04.2022
Оқылды: 2322
Бөлім: САЯСАТ

Бүгін AMANAT партиясының кезектен тыс съезі өтті. Онда Президент AMANAT партиясының Төрағалығы қызметінен кетіп, партиядан шығу жөнінде шешім қабылдады.

«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ, партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан былай AMANAT партиясының төрағасы болып Ерлан Қошанов бекітілді. Съезд барысында «ADAL» саяси партиясы «AMANAT» партиясына қосылу мәселесі де қаралды.

«Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, ADAL партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. ADAL - өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор. Осы маңызды қадам AMANAT партиясын жаңғыртып, күшейте түсуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Съезд барысында делегаттар «ADAL» партиясының AMANAT-қа қосылуын дауысқа қойып, қолдау танытты.

Жиында Президент Жаңа Қазақстан қандай болатыны жайлы түсіндірді. "Біздің азаматтарымыз: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» - деген сұрақты өте жиі қояды. Меніңше, бұл сауалға қысқа әрі толыққанды жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан, бұл шындығында, Әділетті Қазақстан. Келісетін шығасыздар, азаматтарымызға әлеуметтік әділеттілік жетісе бермейді", - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы қарапайым адамдардың мүддесі еленбейтінін баса айтты. Өкінішке қарай, сорақы әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан жасалып жатыр. Осыған қынжылыс білдірген Президент:

«Осыдан азаматтардың билік институттарына тұрақты сенімсіздігі қалыптасып отыр. Сондықтан, AMANAT партиясының алдында осынау барынша қолайсыз ахуалды түзету сынды ауыр міндет тұр. Сіздер халық өкілдерімен алдыңғы шепте жүруге, азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналуға тиіссіздер», - деді.

Партия съезінде басқа да өзекті мәселелер талқыға түсті. Съездің толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"