Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛДАҒЫ РЕФЕРЕНДУМ ЖЕКЕЛЕГЕН ТОПТАРДЫҢ МҮДДЕСІН КӨЗДЕМЕЙДІ

Уақыты: 25.05.2022
Оқылды: 646
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстандықтар тарихи таңдаудың қарсаңында. Ел алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып референдум өткізу – саяси дамудың келесі кезеңі саналады. Бұл – уақыт талабы. Себебі ел тағдырын анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысуы тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы айтты. Сонымен бірге, Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау ескерілген. Яғни, елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды және азаматтар ол туралы біліп, оқып, оған дауыс беруі керек. Бұл азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқандықтан қоғам барынша белсенділік танытуы керек.

Референдум өткізу мәселесі қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі.

Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты.

Өзгеріс аз емес, соның бірі – Парламент палаталары рөлінің күшейіп, мәртебесі артатындығы. Одан бөлек, Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі еніп, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Соған сай азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді. Реформалар сәтті өтсе, халық басқару ісіне белсене қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады.

Осынша өзгеріс елде демократиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің жүзеге асуына ықпал етеді. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдердің қабылдануына араласады.

Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі, бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкілхалықтық деңгейдегі міндет.

Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін референдум жалпыхалықтық деңгейде алғаш рет өткізіледі. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі.

Алдағы референдум жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіруді, жаңғыртуды және нығайтуды көздейді.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы,

депутаттық фракция жетекшісі,

Алматы облыстық мәслихат депутаты