АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕКІГЕ БӨЛІНУІ. ТАЛДЫҚОРҒАН ӨҢІРІ ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 2136
Бөлім: САЯСАТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы бастамамен елімізде үш облыс құрылды. Соның бірі ретінде Алакөл мен Іле аралығын алып жатқан шұрайлы өлкеде жер жаннаты Жетісу облысының құрылуын ерекше атар едім. Осынау игі бастаманы жүзеге асу барысында көпшіліктің көкейінде күлбілтеленіп жатқан пікірлер бар екені жасырын емес. Ол – Жетісу облысы экономикалық жағынан дамымай қалады-ау деген алаңдаушылық. Бірден айтайық, бұл пайым құптайтын дүние емес. Жетісу облысының туризмді дамытуда, инвестиция тартып, өндіріс ошақтарын ашуда өзіндік мүмкіндіктері мол.

Аймақтық шегарасы шегенделген Жетісу облысы алдағы уақытта өркендейтіні анық. Қасиетті жердің азаматы ретінде бұған сенімім кәміл  екенін айрықша айтқым келеді. Ең алдымен, аграрлы аймақ саналатын өңір ауылшаруашылығы саласы бойынша алға басуы керек. Оны дамытудың тиімді тетіктерін қарастырса, өлкенің экономикалық әлеуеті артады. Топырағының құнарлылығы сондай, шыбық қадаса, шынарға айналатын жердің алтын дәнді астықтың отаны екенін тарихтың өзі айшықтаған.

Кеңестік кезеңге зер салсақ, Зылиха Тамшыбаева сынды Еңбек ерлері қызылша өндіруден мол өнім алып, рекордтық көрсеткіш көрсеткен еді. Сонымен қатар, жүгері өсіруден де бір ғана Панфилов ауданы телегей табысқа жетті. Осынау тарихи мысалдардан тамыр тартсақ, бір ғана ауылшаруашылығының өзі Жетісу облысының қатардан қалмауына  өзек болмақ.

Жарық ғаламмен жанар суарған небір ұлылардың, шешендер мен ақындардың, батырлардың жері саналған Жетісу өлкесі табиғи байлығымен де ерекше. Көркімен көз суарар керім жердің төсінде ақжал толқынды Алакөл, тауарихта «Көкшетеңіз» деген атаумен асқақтаған Балқаш көлі бар. Жазиралы мекен – Жаркент топырағында да небір жәдігер, тарихи орындар шежіреден сыр тарқатып,  менмұндалайды. ТМД бойынша ең ұзын көшесі бар Текелі моноқаласы да туризмді дамытуға лайықты. Оның сыртында, «Алтын-Емел» табиғи паркі, «Айғайқұм» сынды небір табиғи орындары бар екенін қаперімізде ұстасақ, бір ғана туризм саласының өзі жаңа облыстың жандануына айтарлықтай жол ашады.

Өткен жылы айдынды Алакөлге барып демалушылардың саны 1 жарым миллионға жуықтаған екен. Осыншама туристі қабылдаған Алакөлде туристердің демалуына барлық жағдай ойластырылып, демалыс орындары да әлемдік стандартқа сай жасақталуда. Темір жол мен әуе жолы арқылы қатынауға мүмкіншілік қарастырылған. Сонымен қатар, Алматы – Өскемен бағытындағы автожол толығымен аяқалса, онда келушілердің саны тіптен арта түсетіні анық. Биылдың өзінде Алакөлге баратын туристердің саны өткен жылдан көп болады деп күтілуде. Мұның өзі Жетісу облысы әзірден-ақ туризм бағытында мол мүмкіншілікке ие болып отырған облыс деп айшықтауымызға негіз бар.

Дамыған елдің аймағы ажарлы, тірлігі базарлы болатыны сөзсіз. Еліміз егемендігін алғаннан бірі түрлі жетістіктерге сатылап жетіп келеді. Сондықтан да Жетісу облысы да алдағы уақытта өзінің мол мүмкіншілігімен дамып, гүлденетіні де анық. Осыған сенгеніміз абзал.

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ,

І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дың оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты