РЕФЕРЕНДУМ: СЕНАТ ДЕПУТАТЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 27.05.2022
Оқылды: 1607
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен мен қоғам қайраткері Елена Тарасенко Жетісу жерінде шағын және орта кәсіпкерлікті жандандырып жүрген іскер әйелдермен жүздесіп, еліміздегі Конституциялық реформаны талқылады.

Облыстық іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған кездесуде алдағы 5 маусымда өтетін Конституцияға енгізілер өзгерістерді жан-жақты түсіндірген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Жаңылысқызы бүкілхалықтық референдумның еліміздің әрбір азаматы үшін қаншалықты маңызды екендігін әңгімеледі.  

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдум өткізу туралы ұсынысы маңызды қадам саналады. Сондықтан референдум мән-жайы мен маңызын еліміздің әрбір өңіріндегі азаматтарға жеткізу, түсіндіру бүгінгі күннің басты міндеті.

– Осы мәселені Жетісу жеріндегі белсенді әйелдер қауымына жеткізуге, түсіндіруге, талқылауға келіп қалдық. Сондай-ақ, Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты сұрақтарға көзбе-көз отырып  жауап беруді көздегеніміз жасырын емес, – деген Ләззат Жаңылысқызы ресми сапардың басты мақсатын түсіндіріп өтті. – Елімізде жүріп жатқан Конституциялық реформаның  Қазақстанда ашық, әділетті қоғам құруға және халық билігін орнатуға, биліктің халық алдында есепті болуына, жердің халық меншігіне өтуіне, халық пен биліктің арасындағы алшақтықты жоюға бағытталып отырғаны белгілі. Әрине, осыған орай көптеген сын айтылуда. Оның басында: «Неге асығыс? Бір айдың ішінде талқылау жүргізу дұрыс емес», - деген сұраулар  тұр. Жалпы, бұл мәселенің талқыланып келе жатқанына біраз болды. Бұл аяқ астынан аспаннан түсе қалған жоқ, халықтың ішінен қайнап шыққан көкейкесті ұсыныстар. Екіншіден, енгізілетін өзгерістер тек косметикалық сипатта деген сын бар. Шын мәнінде, көре білген адамға саяси негізімізді өзгертетін, қоғамдық қарым-қатынастарды басқа деңгейге шығаратын өзгерістер енгізіліп жатыр. Сондықтан, Жетісу жұртшылығын 5 маусым күні референдумға қатысып, Тоқаев реформасын қолдауға шақырамын.

Кездесуде өздерін толғандырған мәселелердің шешімін сұрастырған жетісулық іскер әйелдер қауымы жиын соңында халық қалаулысымен естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы