АЛМАТЫ ӨҢІРІНДЕ РЕФЕРЕНДУМҒА БАЙЛАНЫСТЫ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 29.05.2022
Оқылды: 1633
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Орталық референдум комисиясының мүшесі Сәбилә Мұстафина Талғар және Іле аудандарында болып, маңызды шараны өткізуге жауапты адамдармен семинар-кеңес өткізді.

Аудандық әкімдік пен құқық қорғау органдары қызметкерлері, аймақтық, аудандық  және учаскелік референдум комисияларының басшылары мен хатшылары  бас қосқан  алқалы жиынды облыстық референдум комисиясының төрағасы Тимур Даутов ашып, жүргізіп отырды.

Алғашқы болып сөз алған Сәбилә Сапарқызы Ата Заңымызға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулар турасында айта келіп, Жаңа Қазақстанды құруға құқықтық негіз болатын басты құжатты қабылдау шарасын ұйымшылдықпен өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Баяндамашы өз сөзінде шараны өткізу барысында жасалатын жұмыстар мен кездесуі мүмкін мәселелерге кеңінен  тоқталып, комисия мүшелерінің міндеттері мен құқықтары жайлы айтып өтті. Еліміздің саяси өміріне түбегейлі өзгерістер әкелетін маңызды шара кезінде оның өткізілуіне кедергі келтіріп, көлеңке түсіру әрекеттері болуы да ғажап емес. Орталық комисияның мүшесі осындай әрекеттердің алдын алып, тосқауыл қою мәселелеріне де тоқталып өтті.

Келесі болып сөз алған облыстық әділет басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Пилалов негізінен Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайлы әңгімелеп, референдумды өткізудің құқықтық мәселелері мен заңдылықтарына кеңінен тоқталды. Іле аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Рақымжан референдумды өткізуге қатысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндаса, аудан прокурорының орынбасары Нұрбосын Мақашев осы жауапты шараны атқару барысында кездесетін мәселелерге түсініктеме берді.

Аудан әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін семинарға қатысушылар референдум өткізу барысында кездесуі мүмкін жағдайларды сарапқа салып, іскерлік ойындар өткізді. Соңынан Сәбилә Сапарқызы бастаған меймандар референдум учаскелерін аралап, кемшіліктерді көрсетумен бірге нақтылы ақыл-кеңестерін берді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Талғар және Іле аудандары

Алматы облысы