Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БҰЛ АҢЫЗ ДА, ЕРТЕГІ ДЕ ЕМЕС. РЕФЕРЕНДУМ ТУРАЛЫ ЖАЗУШЫНЫҢ ПІКІРІ

Уақыты: 31.05.2022
Оқылды: 1348
Бөлім: САЯСАТ

Халқымыз еркін, белсенді болған жағдайда мемлекет көркейеді. Әрбір жұмысты терең біліммен, ынтамен атқарудың жөні бөлек. Сонда ғана еңбегіміз жеміс беріп, іскерлікке арна ашылады. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер  мен толықтырулар осы жұмыстарды нығайтатын әрекеттер. Референдум арқылы бүкілхалықтық пікір қорытудың күші осында.

Бұған дейін ҚР Парламенті және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары партиялық дауыс алу жүйесі арқылы сайланып келді. Бұрын бір ғана партия саяси күш алды. Оның төрағалары ҚР Президенті, облыс, аудан әкімдері еді. Аталған құрылым демократия талаптарын қамтамасыз ете алмады. Аты партиялық, заты авторитарлық басқаруды күшейткеннен басқа пайда әкелмеді. Соның салдарынан бұқараның белсенді үні үлкен мінберлерден естілмей жатты.

Конституциялық өзгерістер енжарлық пен қараулықты тежейді. Сапасыздыққа жол берілмейді. Елімізде халықтың өзі ұйымдастыратын көппартиялық қозғалыс орнығады. Таңдау мен талдау дұрыс таразыланады. Депутаттарды сайлау партиялық бәсекелестік арқылы және жеке округтердегі можариторлық тартыс бойынша жүзеге асады.

Демек, халықшыл тұлғалар мандатқа ие болады. Олар жарқын ойлары мен батыл пікірлерін Парламенттің күн тәртібіне қойып, ашықтық, жариялылық жүзеге асады. Сол себептен халықты қуандыратын қажетті заңдар дүниеге келеді. Ұлттың мүддесі қорғалып, адамдардың өмір сүру деңгейі көтеріледі.

Бұл – аңыз да, ертегі де емес. Өзіміз жүзеге асыратын ізгіліктер. Референдум – соның бастау көзі. Жаңа Қазақстанның халыққа беретін игіліктері көп.

Не үшін Референдум өткізу керек болғаны бәрімізге түсінікті шығар. Жаңару үшін қандай rонституциялық өзгерістер қажет, біз соны таңдаймыз. Енді әрбір жеке мүдде қоғамдық, халықтық мүддемен қабысатыны анық. Ендеше, ел игілігіне қосатын үлестен тысқары қалмайық.

Шаяхмет ҚҰСАЙЫНҰЛЫ,

Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі