ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ БОЛҒАЛЫ ТҰР - ДЕПУТАТ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 4026
Бөлім: САЯСАТ

Әрбір жылдың табысты, берекелі болуы айтулы оқиғаларға тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кезектен тыс  Президент сайлауын өткізу және Президент өкілеттігін 7 жылдық бір мерзімге шектеу туралы ұсынысы көптің көңілін аудартқан жаңалық болды.

Шынында, жыл жаңарған сайын саяси бастамалардың жиі өткізілуі, халықтың белсенділігін арттыруы тиімді болмақ. Себебі қалың бұқараның саяси көзқарасының дұрыс қалыптасуы мемлекет болашағының жарқын болуына септігін тигізері анық. Әрине, әркім өз құқығын қорғауға мүдделі. Соған қарамастан ақ пен қараны ажырататындай деңгейде білім алып, саяси белсенділігін арттыруы керек-ақ.

Бұл – бүгінгі күннің талабы. Осы талап үдесінен шығу жолында әркім өз деңгейінде еңбектеніп, құқығының аяқасты болмауын қадағалайды. Осы тұрғыдан алғанда биылғы сайлаудың көпшіліктің керегіне жарайтыны анық. Өйткені қараша айына белгіленген Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынушылар белгілі болып, халықтың сенімін ұлғайта түсуде.

Қазірдің өзінде үміткерлердің кім екені анықталып, өмір жолы таныстырыла бастады. Сондықтан, биылғы сайлаудың орны бәріміз үшін ерекше дер едім. Әрбір күн ертеңгі тарих екенін ескерсек, алдағы 20 қарашада өтетін сайлау келешекте жұртшылықтың айта жүрер керемет кезеңінің бастауына айналарына сенемін.

Мұрат ӘУБӘКІРОВ,

«Әсем Жетісу» ЖШС-нің бақылау кеңесінің төрағасы,

Жетісу облыстық мәслихатының депутаты

Панфилов ауданы,

Жетісу облысы