"БӘРІНЕ ҚАРСЫМЫН" ДЕГЕН ЖАУАП - ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БЕЛГІСІ. ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Уақыты: 30.11.2022
Оқылды: 1424
Бөлім: САЯСАТ

Биылғы сайлауда саяси партиялар құрған коалиция атынан кандидаттығы ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғалық бейнесі, кісілік кескіні жұртшылыққа кеңінен танымал әрі халықаралық аренада ерекше орынға ие екендігі белгілі. 

Қазіргі әлемде қандай жағдайлар орын алып жатқаны баршаға аян. Елімізбен шектесетін мемлекеттерде соғыс өрті тұтанып, қантөгіс орын алып жатыр. Осындай қилы кезеңде дұрыс бағыт ұстанудың арқасында еліміз бейбіт күн кешіп, кезектен тыс Президент сайлауын өткізді. Ендігі кезекте ықпалды парламент пен мәслихат құру мәселесі алда тұр. Одан кейінгі қадам – еститін мемлекет! Сол себепті, мықты Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет формуласы коалиция ұсынған кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының өзегіне айналды. Соған байланысты Президент енді бір рет, 7 жылға сайланады. Бұл елімізде саяси реформалардың басталғанына айқын дәлел. Осының өзі үлкен жетістік!

Әдетте кез келген бағдарламаның басы мен аяғы, кіріспесі мен түйіні болады. Оның толық орындалуына уақыт керек. Сол себепті, 7 жылдық мерзім бекерден-бекер алынып отырған жоқ. Осы мерзім ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың межелеген міндетіне қол жеткізеріне сенім мол.

Зиялы да мәдениетті, дипломат әрі халқына жанашырлығы басым Президентіміздің тұлғалық бейнесіне назар салар болсақ, ешқандай жаман атқа қалмағанын көреміз. Сондықтан да биылғы сайлауда жоғары нәтиже көрсеткенін, қалың жұртшылықтың ықыласына бөленгенін байқау қиын емес. Оны сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарымен ел аралаған кезімізде анық байқадық. Тіпті, түрлі саланың адамдары бірауыздан қолдау білдіріп, үлкен сенім артатынын жеткізіп жатты. Бұл өз көзімізбен көрген, басымыздан өткерген жайт екендігін баса айтқым келеді.

Еліміздегі демократияның басым бағыт ала бастағанын биылғы кезектен тыс Президент сайлауының бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген графаның қосылғанын байқауға болады. Адам баласы өз ойын бүкпесіз айтып, өз таңдауын жасауы тиіс. Оны шектеу адамның құқығына, көзқарасына қол сұғу болар еді. Өйткені, бұған дейін ондай графа болмаған кезде бюллетеньді жыртып, сызып тастау әрекеттері жиі тіркелгенін жақсы білеміз. Сол арқылы әркім өзінің ішкі қарсылығын, көзқарасын көрсетіп жатады. Сондықтан қоғам болған соң кері көзқарас ұстану үрдісінің болуы заңдылық. Ал, оны ашық таңдауды адамның өзіне қалдыру демократияның нақты үлгісі.

Орталық сайлау комиссиясы кіргізген өзгеріс секілді көрінгенімен осы графаны қосу әділеттілік ұстанымын жақтаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасынан бастау алады. Бұны халықпен санасудан туған қадам деп санаймыз. Яғни, 2019 жылы сайланғаннан бастап «әділетті Қазақстан құру» идеясын ұстанған Мемлекет басшысының негізгі мақсаты соған құрылғаны анық байқалады.

Міне, осындай қадау-қадау ойларды ортаға салып, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құруды алға тартқан Қасым-Жомарт Кемелұлының тұлғалық бейнесі алдағы 7 жылдық мерзімге қойған бағдарламаларының жүзеге асыруымен анық көрінеді деп ойлаймын. Себебі, уақытқа тоқтам жоқ. Қазақтың «туған ай – тураған ет» деген мәтелі осының меңзейді. Ендеше тоқтаусыз зырлаған уақыттан қалмау, заман талабынан туындаған мәселелерді тиімді шешу, әділеттілік ұстанымын алға оздыру кезек күттірмейтін жұмыстардың қатарына жатады. Дәл сайлау күні түнгі сағат 24.00-ден өткен алғашқы сайлау нәтижесіне арналған коалицияның жиынында сөйлеген сөзінде тынымсыз еңбек күтіп тұрғанын, ертеңнен бастап жұмысқа кірісетінін жеткізген Президент баршамызға үлкен жауапкершілік жүктеді. Өзі бас болып, мемлекеттің дамуына қажетті қадамдарды қамтитын халықаралық кездесулерге қатысып, әлемдік саясатқа ықпал ететін бастамалардан тыс қалмайтынын көрсетті.

Сол арқылы бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді шешуге белсенді қатысуымыз керектігін ұғындырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғалық кескіні заман көшіне ілескен тарихтың қойнауы кетіп барады. Одан сырт қалу, немқұрайлылық таныту, немкеттілік көрсету адамдығымызға сын екенін ұмытпайық, ағайын!

Арыстанғали АРЫН,

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының атқарушы хатшысы