ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНА ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ КЕЛІП, БІРҚАТАР МЕКЕМЕНІ АРАЛАДЫ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 2549
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу жеріне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова  арнайы іссапармен келді. Негізгі мақсаты – денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бүгінгі жағдай. Талдықорғандағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралаған депутат жұмысшылармен жолықты.  

 Педагог мәртебесін көтеру, дәрігерлердің сапасын арттыру мақсатына бүгінде мемлекет ерекше көңіл бөлуде. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Жолдауында айтылды. Бүгінде соған орай заң жобасы әзірленіп жатыр. Депутат бірінші «Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында» болып, дәрігерлермен жолығып, сұрақтарына жауап беріп, өтініштерін тыңдады. Сөз арасында кадр тапшылығы да  айтылды. Мәселен, Талдықорған мен Текелі қалаларында педиатр, гинеколог, терапевт сынды 180 маман жетіспейді. Бұның басты себебі – жас мамандарға берілетін үй-жай. Баспана тек ауылға баратын жас мамандарға ғана қарастырылған. Айтылған өтініштерді ел қалаулысы алдағы уақытта Мәжіліс мінберінен қозғайтынын жеткізді.
  Жұлдыз Досбергенқызы Жетісу университетіне барып, ұстаздар қауымына технологиялық саясат туралы заңның жөн-жобасын түсіндіріп, ескеру керек жағдайларды айтып, мұғалімдердің талап-тілегін жазып алды. Одан кейін Талдықорғандағы №28 IT мектеп-лицейінде болып, «AMANAT» партиясына мүше жандардың басым көпшілігі ұстаздар қауымы екенін, педагогтардың мәселесін жақсы білетінін, келешекте үлкен жобалар әзірленіп жатқанын айтты.    

Серік ҚАНТАЙ,
Жетісу облысы