ТАҒАЙЫНДАУ: ҚАРАТАЛ АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ КЕЛДІ

Уақыты: 19.01.2023
Оқылды: 1310
Бөлім: САЯСАТ

Қаратал ауданының мәжіліс залында алқа жиыны өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтің әкімдері мен барлық саланың басшылары жиналды. Мақсат біреу, ауданға жаңа басшы тағайындау. Жетісу облысы әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Жақанбаев аудан активінің алдында Ұлан Досымбековтың кондидатурасын ұсынды. Аудандық мәслихат депутаттары бізауыздан қолдап, бейсенбіден бастап Ұлан Әлдибекұлы Қаратал ауданының әкімі міндетін атқаруға кірісті.

Алғашқы сөзді алған Әлбек Әскербекұлы жаңа басшыны таныстырып, облыстағы әлеуметтік-эканомикалық ахуалға тоқталды. Өткен жылды саралап, биылға қойылған міндеттерді тізіп өтті. Сондай-ақ, жаңа тағайындалған Ұлан Досымбековке Қаратал ауданындағы бірқатар мәселелерді айтып, тың тапсырмалар жүктеді.

Назар аударатын бірқатар мәселелерді тілге тиек етті.

– Ауданның аграрлық бағытын ескерсек, біріншіден ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру қажет. Бұл ретте қазіргі заманғы технологияларды - топырақты алдын ала өңдеу, тыңайтқыштарды, тамшылатып суару әдісін пайдалану, асыл тұқымды малды көбейтуді қолға алу керек.Өткен жылы Қаратал ауданы бойынша қант қызылшасын 1150 гектарға егу жоспарланғанмен іс жүзінде 456 гектардан ғана өнім жиналып, жоспар орындалмады. Ауданда облыстағы көкөністің 30%   өндіріледі. Бірақ, жеміс, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары және ұзақ сақтайтын көкөніс қоймалары жоқ. Бастөбе, Ескелді, Үшкөмей ауылдарында жекеменшік малды жаюға жайылым жетпейді. Жайылымдарды басқару жоспары әзірленбеген,  сыртқы, ішкі шекаралары және алаңдары белгіленген сызба бекітілмеген.

«Үштөбе» ЖШС үлескерлері өздеріне тиесілі жерлерін ала алмай жүргендері жөнінде бірнеше рет шағымданды. Аудан әкімдігі үлескерлердің жер үлестерін растайтын құжаттарын (келісім шарттарын) анықтау жұмыстарын осы күнге дейін жүргізбеген.Сарыбұлақ ауылындағы су жүйесі құрылысының мерзімінде аяқталмауы ауыл тұрғындары тарапынан наразылық тудыруда. Шарт бойынша нысанды қолданысқа беру мерзімі 2022 жылғы 1 маусым болатын. Алайда, құрылыс-монтаж жұмыстары әлі аяқталған жоқ.Тағы бір жауыр болған мәселе «Үштөбе қаласының кәріз және тазарту жүйелерін қайта жаңарту және салу жобасы». 2012 жылдан бері жүргізілген жұмыстар аяғына толық жетпеген.Кәріз және тазарту жүйелерін іске қосу үшін аудан әкімдігі техникалық аудит жүргізіп, қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдауы қажет, – деген Әлібек Әскербекұлы ауданның басты проблемаларын атап көрсетіп, осы жұмыстарды алғашқы күннен бастап қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, Ұлан Әлдибекұлына халықпен тығыз байланыс орнатып, халық үніне құлақ асу керектігін қадап айтты.

Қаратал ауданының жаңа әкімі Ұлан Досымбеков сөз алып, көрсетілген сенімді ақтайтынын және әріптестерімен тізе қосып, жұмыс істеп, тапсырылған міндеттерді жүзеге асыруға күш салатынын білдірді. Ауданның ақсақалдары ақ батасын беріп, жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі.

Ришад Тұрғанбай
Қаратал ауданы