Ақпарат және қоғамдық даму министрі IT хабтың тұсауын кесті

Уақыты: 15.05.2023
Оқылды: 1261
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына ресми іссапармен келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастарға қызмет көрсету орталығынан балғын өнертапқыштар үшін ашылған «Jetisy IT hub» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұсаукесеріне қатысып, жас дарындардың түрлі саланың жұмысын жеңілдету үшін жасаған бағдарламаларымен танысты.

Тұсаукесерде сөз алған Дархан Қуандықұлыеліміздің индустриялық-инновациялық бағытты дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекет тарапынан берілер мүмкіндіктерді алға тартты.

– Жер жаннаты Жетісу жерінде «Jetisu IT-hub» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл біздің алғашқы жобамыз. Ол қасиетті Жетісу жерінен бастау алып жатыр, – деген Ақпарат және қоғамдық даму министрі жаңа жобаның негізіне тоқталды. – Өздеріңізге мәлім, ел Президенті жастарға үлкен мән береді, үлкен қамқорлық жасап келеді. Жақында Мемлекет басшысы «Жастар саясаты туралы» Заңға қол қойды. Жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданды. Сол тұжырымдамаға сай, цифрлық сауаттылық бойынша өңірлердегі 1,5миллион жасты оқыту жоспарланып отыр. Бүгін ашылып отырған «Jetisu IT-hub» та осы межені орындауға қажет. Хабта жастар өз стартаптарын жасап, кәсіпкерлік жобаларын бастайды. Жетісу жері қашанда таланттардан кенде болған емес. Жаңа креативті индустрияның негізін қалаған стартаптар бойынша елімізде жастардың үлес салмағы көп. Былтыр біздің министрліктің «Jas projekt» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» сынды жобаларын Жетісу жерінің көптеген жастары күтіп алды. Мұның өзі осы өңірдегі жастардың құлшынысын, ықыласын көрсетсе керек.

Бұдан соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен ардагер журналист Әміре Әрін екеуі жұмысын жаңа бастаған серіктестіктің лентасын қиып, жастардың қызығушылығын арттырған серіктестіктің жұмысымен, талдықорғандықтарға роботехниканың сырын оқытатын орталықтарға белсенді қатысып жүрген мектеп оқушыларымен кәсіптік-техникалық колледж студенттері жасаған жобаларментанысты. Олардың қатарында мүгедектіктен қозғала алмай қалған жандарға көмек беретін құрылғылар, дауыс арқылы айтқанды орындайтын робот, зілзаладан зардап шеккендерге, үйінді астында қалғандарға дәрі-дәрмек, ас-ауқат, қажетті заттар жеткізетін автоматты техника, Марс ғаламшарының кеңістігінен су өндіруге арналған құрылғы, Жетісу облысының аумағындағы жер телімдерінің мәліметтерін жинақтаған бағдарлама, медициналық мекемелерге тіркелу, «жедел жәрдем» шақыру, алғашқы дәрігерлік көмек алу сынды аса қажетті шараларды қашықтан атқаратын бағдарламалар бар. Әрбір таныстырылымның жанында тұрып, жобаны таныстырған жасты мұқият тыңдаған Дархан Қуандықұлы талантты ұл-қыздармен бірге естелік суретке түсті.

Одан соң Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйіне барып, «Жетісу» телеарнасының техникалық базасымен танысқан астаналық қонаққа жергілікті тілшілер қауымы сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелердің шешімін сұрады.Қойылған сауалдардың қатарында қазіргі блогер атанып жүргендердің жауапкершілігін арттыру болды.

– Ел депутаттарының бастамасымен жаңа заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізіліп жатыр. «Онлайн платформа онлайн жарнамалар туралы» деп аталатын заң жобасы блогерлерге арналған. Бұл ТМД аумағында алғаш рет қолға алынып отырғанымен Еуропа елдерінің бәрінде бар. Былтыр ғана Еуродақ пен оның құрамындағы мемлекеттер қабылдаған интернетке, жалпы цифрлық қызметке байланысты заң соның жалғасы. Парламент Мәжілісі қарауы тиіс жаңа заң жобасында білуімше блогердің статусы айқындалады. Инфлюсер, блогер деген кім? Оның тіркелуі, салық төлеуі, айтқан, жазған сөзіне жауап беруі сияқты мәселелер қарастырылады. Жалпы «Мен блогермін!» деп жүре беруге болмайды. Оның үстіне «Масс Медиа туралы» Заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Онда журналистің мәртебесін көтеру көзделген. Өткенде Президентіміз: «Баспасөзге еркіндік береміз. Бірақ бассыздыққа жол жоқ» – дегенді ашық айтты. Сол себепті, кез келген азаматтың заң үстемдігінің алдында бірдей болуы керек, – деген Дархан Қыдырәлі «Жетісу» телеарнасының, «Jetisy’», «Вестник Жетісу»,«Талдықорған» газеттерінің еңбек ұжымымен естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ