Текелідегі ауыз су мен газ мәселесі, әлеуметтік нысандар құрылысы – басты назарда

Уақыты: 06.06.2024
Оқылды: 1679
Бөлім: САЯСАТ

Текелі қаласында жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан ауыз су мен табиғи газ мәселесі биылғы күзде түпкілікті шешіледі. Газ тарту жұмыстарының бүгінде 80 % жуығы аяқталған. Ал бұрын ашық өзен суынан алынатын ауыз су енді арнайы қазылған 3 ұңғымадан тартылады, сүзгі станциясының ішкі қондырғылары жөнделіп, текеліліктер таза ауыз суға қол жеткізетін болады. Бұл туралы кеше Текеліге арнайы барып, осы және басқа да құрылыс нысандарын аралап көрген облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың сапары барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов Текелінің газдандырылу барысынан хабардар етті. Оның айтуынша, қалаға газ тарату желісінің құрылысын «Алия Сервис» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Газ желісінің жалпы ұзындығы - 194,3 шақырым, бүгінде соның 142 шақырымы төселді. Қаладағы 190 көп қабатты үйдің қазіргі кезде 176-сы газ желісіне байланыстырылды.  Жалпы жобаның сметалық құны – 5,6 млрд. теңге. Былтыр 3 млрд. теңгеге жуық сома игерілген, ал биыл қалған қаражат бөлінді, ол қараша айында түгел игеріліп, табиғи газға қосуға толық мүмкіндік болады деп күтілуде.

Ал ауыз су мәселесі жөнінде қала әкімі Алмас Әділ баяндады. Бұл мәселені шешу мақсатында қалада сумен қамту инженерлік желілерінің құрылысы жүргізіліп, жоба жоспарға сәйкес аяқталды. Ендігі мәселе - бұрыннан қолданыстағы су құбыры желілерінің едәуір тозып кетуіне байланысты, ондағы 400-ге жуық ысырманы ауыстыру. Бұл жұмыс осы маусым айында басталады. Су сорғы станциясына ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарының бәрі қыркүйек айында аяқталып, таза ауыз су беріледі деп межеленіп отыр. Оған қоса кезең-кезеңімен қаланың магистралды су желісіне, сол сияқты «Металлург», «Достық», «Алатау» шағын аудандарындағы су құбыры желілеріне қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған.

Мұнан кейін облыс басшысы Қора көшесінде салынып біткен 40 пәтерлі үйде және Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Мәселен, биыл қалада 40 пәтерлі екі үй қолданысқа берілгелі отыр. Оның 1-еуі – жалгерлік, екіншісі – несиелік үй. Әкім атбасын бұрған жалгерлік үй тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға берілмекші. Жалпы қалада 1023 адам кезекте тұрса, соның 495-і - аталған санаттағы азаматтар. Бұл үйдің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған еді, биылғы маусым айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Абаттандыруылуы да аяқталған. Осы үйдің құрылысына 780,6 млн. теңге жұмсалды. 

Облыс әкімі үй құрылысын жүргізген «СЕМ-Шоғы Құрылыс - Сервис» ЖШС өкілдерімен тілдесті, пәтерлерді аралап, сапасын көрді. Қасбеті сұйық травертинмен боялғанына қатысты пікірін білдіріп: «Тұрғын үй қасбеттеріндегі мюнхенка көпке шыдамай, түсіп қалады. Сондықтан алдағы уақытта не кассета әдісі, не фибробетон, немесе сұйық травертин бола ма, осындай әрі әдемі, әрі кемінде он-он бес жылға дейін жақсы сақталып тұратын қасбет түрлерін қарауымыз керек», - деді ол.

Мұнан соң облыс әкімі қаладағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. 180 орынға арналған кешеннің құрылысы аяқталған, енді ішіндегі күрес, бокс, тренажер залдарына, спорт залына қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, жабдықталуы тиіс. Абаттандыру жұмыстары да аяқталуға жақын. Нысанның сыртында жазғы спорт алаңы да бар. Кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар қою жобада қарастырылған. Құрылыс жұмыстары маусым айының соңында толық аяқталады.

Аралау соңында Бейбіт Исабаев сапарын қорытындылап:

- Текелі қаласы халқының ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан екі жүйелі проблемасы – газдандыруы мен ауыз суының мәселесі биыл шешіледі. Соның ішінде газдандыруды жоспар бойынша қараша айында аяқтауымыз керек. Сонда «Текелі Энергокешені», «Текелі тау кен байыту кешені», «Электромарганец» сияқты жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың барлығына, жалпы қала халқына газға қосылуға мүмкіндік жасалады. Бұған дейін Текелі халқына ауыз су Шажа мен Қора – екі өзеннен, яғни жер бетіндегі су көздерінен алынып, ескі фильтрлеу станциясы арқылы өтіп беріліп келді. Халықтың тарапынан объективті түрде арыз-шағымдар түсетін, әсіресе, көктем-жаздағы жауын-шашын кездерінде судың лайлануы байқалады, сапасы төмендейді. Сондықтан біз былтыр 3 ұңғыма қазып, су шығардық, 16 шақырым желіні жаңадан тарттық. Сонымен бірге әрқайсысы 3 мың м3 болатын 2 резервуар салынды. Биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, фильтрлеу станциясының ішіндегі қондырғыларын жөндейміз. Соның нәтижесінде сағатына 600 куб су сүзгіден өткізіп, таза су беруге мүмкіндік туып, текеліліктер тазарған ауыз суға қол жеткізеді. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасына, тұрмыс жағдайына оң әсер етеді. Сондықтан нысандардың құрылыс жұмыстары ең бастысы сапалы жасалуы тиіс.  - деді.

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай