Бейбіт Исабаев ҚХР-ның Алматыдағы Бас консулымен кездесті

Уақыты: 13.06.2024
Оқылды: 407
Бөлім: САЯСАТ

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзянь Вэй ханым бастаған қытай делегациясымен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметі.

- Біздің екі елдің президенттері сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық қатынастарымызды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Соның арқасында соңғы жылдары Жетісу облысында елеулі ынтымақтастық нәтижелеріне қол жеткізілді. Өздеріңіз білетіндей, біздің өңірдің Қытаймен жалпы шекарасы шамамен 563 км. Өткен жылы облыс пен ҚХР арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд. АҚШ доллары немесе 1,7 трлн. теңгеге жетті. Қытай біздің ірі экономикалық серіктесіміз, бұл ретте облыстың сыртқы тауар айналымындағы оның үлесі 89% құрайды. Іргелес өңірлермен де қарым-қатынастар белсенді дамып келеді. Мәселен, өткен жылы біздің облыс пен ШҰАА арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісімге, «Қорғас» ХШЫО қызметін үйлестіру тетігін құру жөніндегі меморандумға және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, - деді кездесуді ашқан облыс басшысы.

Бейбіт Исабаев облыстың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, баламалы энергетика секілді ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына да тоқталды.

- Қытаймен шекарада 5 кеден бекеті бар республикадағы жалғыз өңірміз. Мысалы, 2023 жылы тек «Алтынкөл» кеден бекетінің өзінен 343 мыңнан астам көлік құралы өтті. «Достық» станциясында, «Достық-Алашанькоу» шекаралық өткелімен тікелей жақын жерде өткізу қуаты жылына 3,9 млн. тонна немесе 300 мың контейнер болатын көпфункционалды жүк тасымалдау терминалдары жұмыс істейді. Қазір «Достық» станциясында «Алакөл» автомобиль өткізу пунктін кеңейту мен жаңа терминал салу жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін, ал өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1600-ге дейін артады. «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші желісін салу ірі жобасы «Достық» станциясының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Экономикалық өсімнің тағы бір нүктесі – «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА, оның аумағында қуаты тәулігіне 1400 вагонды өңдеуге жағдай жасайтын Құрғақ порт жұмыс істейді. Осы ретте біздің ынтымақтастығымыздың маңызды инвестициялық жобасы ретінде «Қазақстан-Қытай халықаралық қаласы» туралы да айта кеткен жөн.  Шекара маңы ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты - «Қорғас» ХШЫО. Осының бәрін қорытындылай келе, біз бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, «жасыл» энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастыққа дайын екенімізді айтқым келеді, - деп атап өтті Б.Исабаев.

Өз кезегінде Бас консул облыс әкіміне жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, төртінші реткі бұл кездесу ынтымақтастықтың нығая түскенін айғақтайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Цзянь Вэй ханым шекара маңындағы ынтымақтастықтың аясын одан әрі кеңейту мәселелері мен мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Кездесу соңында тараптар түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ әріптестік байланысты жан-жақты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Атап өтсек, бұдан соң Қытай Халық республикасының Алматыдағы Бас консулы Талдықорған қаласындағы Достық үйіне барды, ал ертең Алакөл ауданына сапарлап, «Достық» бекетіндегі өткізу пунктіне барады.