АЛАКӨЛДІҢ АРДА АЗАМАТЫ

Уақыты: 15.06.2024
Оқылды: 556
Бөлім: САЯСАТ

Адам баласын бір-бірінен ел үшін еткен еңбегі ғана ерекшелеп тұратыны рас. Қым-ғуыт тірлікке толы заманда жеке бастың қамын емес, халықтың барын еселеуге қызмет етер тұлғалар бар. Оларды адамдық пен адалдық шегарасында тұғырын нық, туын тік көтерген азаматтардың қатарына жатқызуға болады. Солардың бірі айдыны тулаған, ақ шағаласы шулаған айбынды өңіріміздің тумасы, талай жыл ауданның көшін бастаған Әлібек Әскербекұлы десек қателеспейміз. Ел баласы болып жүріп, бүгінде ел ағасына айналған тұлға алпыстың асқарына шығып, мерейлі жасқа да жетті.


Әлібек Әскербекұлы тоқсан бұлақтың сылдыры тоғысып, қойнауына құт қонған Қарабұлақ ауылында 1964 жылғы маусымның он екінші жұлдызында дүние есігін ашқан. Қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдың тумасы бала күннен қара жұмысқа әуес болып, үлкендерден үлгі алып ержетті. Иығындағы шапаны мен иегіндегі сақалында киесі бар ақсақалдардың сарабдал сөзін, өнегелі өсиетін тыңдап өскендіктен ең алдымен туған өлкесін көркейтуге қызмет етемін деген айқын мақсаты болды. Сол арман жолындағы әр қадамы орындалып келе жатыр деуге толықтай негіз бар. 

Бала кезінен сөздің емес, істің адамы болған Әлібек Әскербекұлы Қарабұлақ ауылдық мектебін тамамдағаннан кейін Алматы қаласындағы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтына «Орман шаруашылығы» мамандығы бойынша оқуға түседі. Мемлекеттік қызмет сапарында Қазақ ұлттық аграрлық университетінен «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының дипломын алған.

Қазақы тірліктің қазаны қайнаған ауыл баласының екі қолға бір күрек тауып, қандай жұмыс болса да әзір тұратыны рас. Бұл қасиет әкесі Әскербек ағамыздан дарыған деуге болады. Ерте жастан жүргізушілік курста оқып, қырықтықшы, автодүкенші, звено жетекшісі, «Левобережный» кеңшарының мал және егін шаруашылығының басқарушысы болып, Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне таққан еңбекқор әкенің тәрбиесі баласына да жұққан. 

Қолында дипломы, кеудесінде жұмысқа деген ерекше құлшынысымен Алакөл ауданында, сол кездегі «Левобережный» кеңшарында қарапайым жұмысшы ретінде еңбек жолын бастады. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, жас болса да жасамыс жігіттің белсенділігі, жұмысқа деген аса тиянақтылығы мен жоғары жауапкершілігі бір орында ұзақ тұрақтандырмады. Көпшіліктің көзіне еңбек адамы ретінде түсіп, артынша Семей қаласындағы «Зеленстрой» учаскесінің көгалдандыру бөлімінің агрономы болып ауысты. Алайда «Ер туған жеріне» демекші, кіндік қаны тамған жердің топырағы тартып, Алакөл механикаландырылған орман шаруашылығына жұмысшы болып оралды. Қызметтегі қабілеті, біліктілігі мен әр істі оңтайлы шешуінің арқасында цех шебері, инженері, Үшарал орман шаруашылығында орманшы, бас орманшы болып, туған жерін түлете бастады. Табиғатты қорғау, сақтау мен кеңейтудегі ілгерімді істері, ілкімді жұмыстары басшылықтың көзіне түспей қоймады. Сөйтіп, көзінде жалын, қолында қуаты бар маман 2000 жылы «Қаратал орманы» РМК Алакөл аудандық филиалының басшысы болып тағайындалды. Қалың бұқараның қамы үшін қызмет етуі дәл осы сәттен еселене бергенін көреміз. Қоршаған ортаны, орман байлығын, табиғи қазынаны қалыбына құйылған қалпы сақтауға қосқан үлесі орасан.  Көп ұзамай «Талдықорған ағаштары» ММК Алакөл аудандық филиалының директоры, «Алакөл орман шаруашылығы» ММ директорының орынбасары, артынша директоры лауазымдарын атқарды. Қарағайдай қатаң тәртіп, теректей тік мінез, қарағаштай қайтпас қайсарлы мінездің ықпалымен бүтіндей бір мекемені абыроймен басқарып, тынысына жаңа леп, жұмысына өзгеше серпін сыйлады. Осы саланың ардагер қызметкерлері Әлібек Әскербекұлы басшылық тізгінін ұстағаннан кейін біршама тың өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алып, қызмет сапасы да едәуір артқанын жарыса айтады. Мұның астарында халық байлығы, ұрпақ аманаты саналар табиғатқа деген кіршіксіз махаббат тұрғаны рас.

«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші,  талабы таудай, арыны өзендей қатты Әлібек Әскербекұлының тағдыр жолында 2010 жылы ерекше өзгеріс орын алды. Бұған дейін бір мекеменің аяқалысын түзеген басшы енді іргелес тұрған Сарқан ауданына әкім болып тағайындалды. Бұл, ең алдымен, билік тарапының және жұртшылықтың сенімінің ортақ жемісі деуге болады. Көрші ауданның көшін бастаған Әлібек Әскербекұлы 2011 жылы туған өлкесі Алакөл ауданының әкімі болып ауысты. Сол мезеттен бастап 10 жыл бойы табан аудармай киелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тарихи тұрғыдан дамуына елеулі үлес қосты. 90 жылдан асқан тұғырлы тарихы бар ауданның бүгінгі жеткен жетістігі, бағындырған биігі мен абыройлы асқарларының артында Әлібек Әскербекұлының қолтаңбасы тұрғаны жасырын емес.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген қазақта өсиетті сөз бар. Бұл тәмсілдің тамырын қуаласақ, Әлібек Әскербекұлы секілді азаматтарға арналғанын аңғарамыз. Себебі, туристік әлеуеті жоғары, шегара шебінде шаңырағын тіктеген, Аспанасты елі мен Еуразия кеңістігіне жол ашар қақпаның кілті Алакөл еді. Әлеуеті аса қуатты өңірді жаңаша тұғырға шығару жолы оңай болмағанымен табиғи ерекшеліктері мен орналасу артықшылығын ұтымды пайдаланып, талай жұмыстың түйінін шеше білді. Ең алдымен Жоңғар қақпасының тұтқасын ұстаған Достық бекетіндегі тынымсыз тірлікті жүйелендіріп, шегара арқылы тасымалданар жүк пен тауар көлемін ұлғайтуға, сол арқылы қомақты инвестиция тартып, өңірдің салықтық салмағын арттыруға барын салды. Бұдан бөлек, көлдің көл-көсір пайдасын ескере отырып, туризм саласын өркендетуге, жағалаудағы демалыс орындарын, қызмет сапасын, инфрақұрылымды жақсартуға біраз атсалысты. Соның арқасында шомылу маусымында өңірімізге келер меймандар саны бүгінде миллионнан асып жығылды. Әуе, теміржол, тасжол жүйелері де бірыңғай іске қосылып, туристерді тарту үшін барлық жағдай назарға алынды. Қазір, міне, Талдықорғаннан бері түзу күрежол, әуежай қызметі мен күнделікті жүйткіген пойыз қатынап, өңіріміздің тынысы ашылғандай. Ауданымыздың орталық шаһары Үшаралдың да көркі кіріп, заман талабына сай өзгеруі көз сүйіндіріп, көңіл қуантады. Әлібек Әскербекұлы ауданды басқарған тұстағы билік пен бұқара арасындағы түсіністік те, өзара келісім де жаңа биікке шыққаны рас. Себебі, жұмыстың барлығы жұртшылықтың сұраныс-тілегін, ұсыныс-сауалдарын ескере отырып атқарылды, өңірдің айтқаны өтіп, атқаны жетер ақсақалдарымен талқыланды, қоғамның таразысында оң пікірлер көбейді. 

Дана бабаларымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп бекер айтпаса керек-ті. Жөргек кірің жуылып, алғаш қадамыңды басқан туған өлкеңнің кемел келешегі үшін бір түйір кірпішін қаласаң да ерлік, өрлік деуге болады. Себебі, біз үшін ең қымбаты – Отан, туған жер. Бұл ретте әр алакөлдіктің оң көзқарасы мен ықыласын иеленген Әлібек Әскербекұлын туған жерге туын тігіп, ел үшін еңбек еткен тұлғалардың бірі де бірігейі деуімізге болады. Оған құрғақ сөзіміз емес, көзіміздің алдындағы қызметтері дәлел. 

10 жыл шамасында Алакөлмен арманы ортақ болып, артынша 2021 жылы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметіне ауысты. Халықтың баласына айналып үлгерген әкімді өзге өңірге жіберуге туған ауданы қимағанымен  құрмет төріне шығарып, ізгі тілектерін, ақжарма ниеттерін жаудырды. Басқару ісіндегі біліктілігінің арқасында көп ұзамай 2022 жылы Алматы облысы әкімінің  орынбасары болып тағайындалып, үлкен істердің бастамашысы болды. Осы жылдың маусымында Жетісу облысы қайта құрылған жерұйық мекеннің басшылық құрамында қалып, облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келеді. Еңбек жолында «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Мұның барлығы қызметке деген адалдықтың, халықтың ыстық ықыласының жемісі деуге толықтай негіз бар. 

Ел баласынан ел ағасына айналған Әлібек Әскербекұлын Алакөл өңірі асқаралы 60 жасымен құттықтап, қызметте жаңа белестерді бағындырып, толайым табыс, толағай жетістікке жетуге тілектестік білдіреді. Алақандай ауылдың тумасы Алатаудай биік лауазымдарға шығып, қалың қазағы үшін әлі де талай еңбек ете береріне сенімді. Жеті өзені еркелеген Жетісу облысының дамуына үлес қосып, кіндік қаны тамған Алакөлдің арда ұлы екенін ұмытпағанына халық дән риза. Ұлтқа, ұжданға еңбек етуде сәттілік, мерейлі жаста бұдан да биік мінберлерге жетуге жазсын дейміз. Алакөлден қанаттанған әр тұлғаның туған жерге тамшыдай үлес қосуы – азаматтық парыз. Бұл істе Әлібек Әскербекұлының орны да, еңбегі де мол.

Болатбек КАПСАЛАМОВ,
Жетісу облысы мен Алакөл
ауданының Құрметті азаматы