Өткен жылдың басынан бері сумен жабдықтау мәселелері бойынша 43 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олжас Бектенов мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берді.
Үкімет отырысында Премьер-Министр кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанын мысалға келтірді.
Мәселен, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында кентішілік желілер салынды, ал Кенжебай және Рақымжансай кен орындарынан топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында тұр.
«Жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты өткен жылы бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында Өнеркәсіп және Су ресурстары министрліктері жобалардың іске асырылу барысын апта сайын бақылап, бұзушылықтар анықталған жағдайда маған тікелей баяндаулары қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.
➤ 2023 жылдың басынан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұрғындардан 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен. Мысалы, Ақмола облысында Нұра топтық су құбырының тозуына байланысты өткен жылы жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды.
Үкімет басшысы болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен желілерді ауыстыру жобаларын басым тәртіппен әзірлеу қажет екенін атап өтті.
Өз кезегінде өңірлер жобалық-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеу жұмыстарын жандандыруға тиіс.