"Кім екенін жақсы білеміз": Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеспеген кәсіпкерлер жайлы айтты

Уақыты: 19.06.2024
Оқылды: 320
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаве апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді. Президенттен марапат алғандардың қатарында құтқарушылар, еріктілер мен қарапайым жұмысшылар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады.

“Мен еріктілер қозғалысының дамуына айрықша мән беремін. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Осы уақыт ішінде еліміздегі волонтерлік қызмет мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Еріктілердің күш-жігерінің арқасында маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асты. Ең бастысы, біз адамдардың мемлекет пен қоғам өміріне араласуға, адами құндылықтар мен қасиеттерге сай болуға деген ниетін ояттық”, – дейді Тоқаев.

Ол еліміздегіжан-жақты жаңғырулардың қозғаушы күші – адам екенін атап өтті. 

“Қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асу үшін еліміздің барша азаматы күш біріктіруі қажет екеніне сенімдімін, – деді президент.

Ол баспанасыз қалған адамдарға "Қазақстан халқына" қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы, 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.

“Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады”, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев сөзін қорытындылай келе, апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

“Баршаңызға мәлім, қазір "Таза Қазақстан" акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.

Фото: Ақорда