Текелі қаласында жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер баршылық. Оларды шешу үшін республикалық, облыстық тіпті, жергілікті бюджеттен де қыруар қаржы бөлінген. Шешімін таппай қордаланған мәселелер соңғы 1-2 жылда шешілуде. Ең бастысы – істің нәтижесін көрген тұрғындар дән риза. Десе де облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ моноқала халқымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, орындалмаған жұмыстардың әлі де бар екеніне көз жеткізді.
ШЕШІЛМЕЙТІН ТҮЙІН ЖОҚ
Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы текелілілік жұртшылықпен төртінші мәрте кездесуде. Кездесу әдеттегідей тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдаудан басталды. Мәселе мәнісін қала басшысы шеше алмағандықтан жергілікті төрт тұрғын облыс әкімінің көмегіне жүгінген. Оның алғашқысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан «Мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» санаты бойынша тұрғын үй бөлу мәселесімен келген Қайрат Қалықов. Ол 2009 жылдан бері бюджеттік сала қызметкері ретінде баспана кезегінде тұр. Кезек саны – 18. Жалпы, қала бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелгендер саны 1 мың 21 адам. Оның ішінде «Мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» санатына 303 адам тіркелген. Биыл маусым айының соңында Қора көшесіндегі 40 пәтерлік жаңа үй пайдалануға беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 50 жеке тұрғын үй де халық игілігіне берілмек. Заң талаптарына сәйкес тізімде тұрған тұрғындар кезегі бойынша баспаналы бола алады. Бірақ өтініш беруші ипотекалық несиелеу бағдарламасына қатысып, «Отбасы Банк» АҚ арқылы берілетін 40 пәтерге ие бола алады. Егер мүмкіндік болмайтын жағдайда келер жылы өтініш беруші өз кезегіне сәйкес баспаналы болу мүмкіндігі бар. Аймақ басшысы қала әкіміне нақты тапсырма жүктеп, бұл мәселенің оңынан шешілуін талап етіп, жеке бақылауына алатынын айтты.
Моноқала тұрғыны Олеся Черентаева Бейбіт Исабаевтан көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеуге көмектесуін сұрады. Осы мәселе бойынша 2023 жылы Текелі қаласында 15 үйдің шатырын күрделі жөндеуге 627,9 миллион теңге бөлініп, 3 үйдің шатыры 100 миллион теңгеге жөндеуден өткенін қала басшысы айтты. 2024 жылы 5 үйдің шатырын жөндеуге 200 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 4 үйдің төбесіндегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғынының мәселесі бойынша облыс әкімі үйдің төбесіне биыл жоспарлы, келер жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, жұмыстың жүйелі орындалуын қала әкімі мен сала мамандарына тапсырды.
ЖЕТІСТІК ТЕ, КЕМШІЛІК ТЕ БАР
Облыс басшысы Мәдениет үйіндегі тұрғындармен кездесу жиынында өңірдің және қаланың даму жайын таразылады. Қазіргі таңда Жетісу облысы экономикалық өсім бойынша көш бастап тұр. Жалпы өсім 117,4 пайыз. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін ерекше атап өткеніміз жөн. Десе де, Бейбіт Өксікбайұлы жетістік бар деп қуанатын уақыт емес екенін жеткізді. Кемшілікпен жұмыс істеп, іс пен нәтиженің бір арнада тоғысуы үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігін айтты.
Несібесін қара жерден тауып отырған аймақ үшін ауылшаруашылығы саласының өсімі артқаны көпшілікті қуантады. Биыл ауылшаруашылығында егіс алқабы 7 мың гектарға және мал шаруашылығы өнімін өндіру 1,4%-ға ұлғайды. Аталған салаларға 13,1 миллиард теңге инвестиция тарта отырып, 13 жаңа нысанды іске қосу жоспары да басты назарда. Бейбіт Исабаевтың айтуынша, биыл қант қызылшасын егуге, оның көлемін арттыруға барлық жағдай қарастырылған. Өнім нәтижелі болса, жоспар ойдағыдай атқарылса 450-500 мың тонна тәтті түбір алынады деген болжам бар.
Облыста өңдеу өнеркәсібі жоғары деңгейде деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл 6 нысан пайдалануға беріледі. Ал жұмыс істеп тұрған «Қайнар АКБ», «Алмаз Керамикс», «ASMA Industrial», «SSА Feed Mills», «Майями Солар» ЖШС толық қуатына шығарылады. Қазіргі таңда жұмысы тоқтап тұрған «Агрокомплекс Жетісу Мажико» кәсіпорнын іске қосу да негізгі жоспардың бірі.
Жалпы, моноқаланың өнеркәсіп саласында 49 кәсіпорын тіркелгенімен, Текелі энергокешені, «Көксу» тау-кен компаниясы, «Суффле Қазақстан уыт зауыты», Текелі тау-кен өңдеу кешені ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп өнімі 11,7 миллиард теңге. Алайда, бұл салада да кемшілік жоқ емес. Түйіні шешілмеген мәселелер де баршылық. Мәселен, қуаттылығы 80 мың тонна болатын «Суффле Қазақстан уыт зауыты» АҚ биыл 5 айда өнімді өткізу мәселелеріне байланысты өнім өндіру көлемін 8,6 мың тоннаға азайтты. Бұл көрсеткіш өткен жылы 38,3 мың тоннаға жеткен. Кәсіпорынның негізгі өткізу нарықтары Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдері, қазіргі уақытта Әзірбайжан, Моңғолия елдерінің жаңа өткізу нарықтарын игеруде.
2020 жылдан бері жұмысын тоқтатқан Текелі тау-кен өңдеу кешенін 2023 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда домна пешінің қозғалтқышын жөндеу жұмыстары аяқталды, барлық қажетті шикізат сатып алынды. Ендігі өндірісті іске қосудың проблемалық мәселесі де бар. Ол әлемдік нарықта шойын құнының төмендеуі және сәйкесінше өнімді сату. Сонымен қатар, «Grindstone» ЖШС зауыты – тікелей қалпына келтірілетін темірдің өндірісін біржола тоқтатты. Өндірілетін өнім қажетті техникалық сипаттамаларға сай болмағандықтан, кәсіпорын стандарттарға сәйкес келетін темір мөлшері жоғары өнімді өндіру үшін технологиялық процесті реттеу және жетілдірумен шұғылдануда.
– Тоқтап тұрған «Grindstone» кәсіпорны, жаңадан іске қосылатын ферроқорытпа өндіретін «Текмет» және арматура өндіретін «Steelers» кәсіпорындарымен бірігіп консорциум құрды. Консорциум аясында «Steelers» арматура шығару және өнеркәсіптік алаңға қызмет көрсету бойынша металлопрокат зауыты 2025 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Осыған орай, қала әкіміне және кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған өндіріс қуаттарын толық пайдалану жолымен өнеркәсіп өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
ИНВЕСТОР ТАРТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Жыл басынан бері қалаға 1,77 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда тым аз. Инвестицияның негізгі 51,7 пайызы жекеменшікке тиесілі. Жыл соңына дейін жалпы құны 20,1 миллиард болатын 5 инвестициялық жоба жүзеге асады деген жоспар да жоқ емес.
Жалпы, Текелі қаласында 1,7 мың бизнес субъектісі бар. Тұрғындардың 3,8 мыңнан астамы жұмыспен қамтылған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Текелі қаласынан 5,2 миллион теңгеге бар-жоғы 2 микрокредит берілген. Оның бірі – мал шаруашылығын дамытса, екіншісі – этноауыл. Бұл өте төмен көрсеткіш. Биыл 18 өтінім қабылданған.
2019 жылдан бері жұмысын тоқтатқан «Green House» жылыжайының қызметін қалпына келтіру мәселесі назардан тыс қалмады. 5, 65 гектар аумақты алатын жылыжай жұмыс істесе 80 адамды тұрақты жұмыспен қаматамасыз етер еді. Жақын күндері жылыжайдың екінші тынысы ашылуы мүмкін. Инвестор «Зеттекнолоджи» ЖШС жұмысы тұралап қалған жылыжайды іске қосумен қатар, жылыжайдың жанынан ауданы 10,5 гектар жаңа жылыжай салатынын да жеткізген. Алдағы уақытта жылыжай іске қосылады деп күтеміз.
Текеліні сумен жабдықтау және газдандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспар бойынша қазан айында тұрғындар сапалы ауызсуға, ал қараша айында көгілдір отынға қол жеткізеді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен 2 резервуар, ұңғымалардан тартылған 16,5 км сумен жабдықтау желілері салынды. «Қора» сүзгі стансысы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жабдықтары ауыстырылуда. Су құбыры желілерінде ысырмалар орнатылып жатыр. Сондай-ақ қаланы сумен жабдықтаудың магистралбдық желілерін реконструкциялау жобасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім берілді. Бұдан басқа, «Достық», «Алатау» және «Металлург» шағынаудандарының су құбыры желілерін қайта жаңғырту мен салудың құжаттары әзірленуде.
Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру маңызды. Қазір өңірдің 46 пайызы, яғни 321,7 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Моноқаланы газдандыру жұмысы да тұрақты жүргізілуде. Аймақ басшысы өз сөзінде бүгінде 195 шақырым газ құбырының 141,3 шақырымы салынғанын айтты. Нәтижесінде биыл 30 мыңнан астам текелілік газға қол жеткізе алады.
Қаланың кәріз жүйесіне қатысты проблемалық мәселе де назардан тыс қалмайды. Әзірленген жоба шеңберінде 11 км. магистральдық кәріз желілерін қайта жаңғырту жоспарланған. Жұмысты жүзеге асыру үшін республикалық бюджетке өтінім берілген. Кәріз тазалау жүйесін жаңғыртудың құжаттары дайындалуда. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанның кесірінен жобаны әзірлеу уақыты 3 жылға созылды. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін мемлекеттік сараптама нәтижелері жоқ.
– Қазір қағаз жүзінде жұмыс істейтін уақыт емес. Мен халықтың сөзіне сенемін. Біздің мақсат – халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Әрбір саланың дамуына бөлінген мемлекет қаржысы тиімді игерілуі тиіс. Кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын ерекше бақылауға алып, өз мерзімінде соңына дейін жеткізу керек. Жұмыс жүйелі атқарылмағандықтан нәтиже жоқ. Ал жылыжайларды іске қосу үшін барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. 2025 жылдың соңына дейін жылыжайды іске қосуды қамтамасыз ету үшін «Қазагроқаржы» АҚ және «Зеттекнолоджи» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жүргізуді қала әкіміне тапсырамын. Текелі қаласында энергетикалық кешеннен су жай ғана тартылады, оны жылыжай шаруашылығына пайдалану мәселесін пысықтау қажет. Газ бен электр энергиясы да жеткілікті мөлшерде. Әкімнің міндеті – кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, жоспарланған жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, қаланың өңдеу өнеркәсібіне әлеуетті инвесторларды тартып, осы саланы дамытып, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, өндіріс көлемін ұлғайту. Міне, осы іс атқарылғанда ғана қала тұрғындарының жағдайы жақсарады. Жүйелі жұмыс жүргізсеңдер, болашақта Текелі өңірдегі жылыжай шаруашылығын дамытатын орталыққа айналуы мүмкін, – деді облыс басшысы.
ҮЙІ ЖОҚТЫҢ, КҮЙІ ЖОҚ
Бүгінгі таңда әрбір өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Текелі қаласында тұрғын үй мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Осы жылы Текелі қаласында барлық қаржыландыру көздері есебінен 10,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның ішінде бюджет есебінен берілетіні 6,8 мың шаршы метр. Қалада 141 пәтерлік 15 апатты үй бар. Апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін 93 пәтер сатып алынған. Жұмыстар қараша айына дейін аяқталады. Бұдан басқа, төтенше жағдайлардың алдын алу аясында таулы жерлерде орналасқан 6 тұрғын үйдің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жөнінде ұсыныс енгізілген. Жергілікті бюджеттен 90 миллион теңге бөлініп, қазірдің өзінде 4 үйдің тұрғындары қоныс ауыстырған. Қалған 2 үй бойынша конкурс жарияланған.
Текелілік тұрғындар көппәтерлі үйлердегі тозығы жеткен шатырларын ауыстыру қажеттігін алға тартады. Ауа райының қолайсыздығынан орын алатын түрлі жағдайға алаңдайды. Қала бойынша 8 тұрғын үйдің шатыры жөнделген. Келер жылы тағы 7 үй жөнделеді деп жоспарланған.
Биыл жоспарға сәйкес қала бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 10,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Оның ішінде бюджет есебінен 80 пәтер бар.
Қора көшесінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 40 пәтерлі тұрғын үй дайын тұр. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үйлермен қамтамасыз ету үшін биыл тұрғын үй сатып алуға 962,8 млн. теңге қаражат бөлінген. Осы орайда, Текелі қаласының әкімдігі «Elite strоy ED» ЖШС және «Temir stroy Alatau» ЖШС мен 52 жеке тұрғын үйлер салу бойынша меморандумға қол қойған. Алдағы уақытта жұмыс жүйелі атқарылса баспана кезегінде тұрған текеліліктер қоныстойын тойлауы бек мүмкін.
– Қағаз жүзінде бәрі керемет. Алайда қала тұрғындары қаңғыбас ит-мысықтардың көптігіне шағымданып, жер, баспана мәселесіне қатысты наразылықтарын білдіруде. Сіздер маған берген есептеріңізде «жұмыс жүйелі атқарылуда, шаралар қабылданды, жер телімдері бөлініп жатыр» деп жалған ақпарат бергенсіздер. Жұмыс атқарылып жатса, халық неге наразы? Демек, наразы болуына себеп бар деген сөз. Қағаз жүзінде есеп берудің уақыты өткенін қайталап айтамын. Қазір халықтың үніне құлақ асып, нақты іспен айналысатын уақыт. Бізге нақты нәтиже керек. Бюджеттен бөлінген қыруар қаржы тиімді пайдаланылса халық та разы болар еді. Жұмысты ширатып, кеткен кемшіліктер бойынша нақты істер атқарылсын. Бекітілген жұмыс кестелеріне сәйкес бөлінген бюджет қаражатын сапалы игеру, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты айтылған кемшіліктердің бәрін жою керек. Халықпен санасып жұмыс істеуді талап етемін, – деді аймақ басшысы.
Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуде облы әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар облыс басшысына алғыстарын айтып, суармалы жер, су мәселесі, арық жүйесін жөндеу, мемлекеттік қордан тұрғын үй алу, өз бетінше салынған үйдің құжаттарын ресімдеуге жәрдемдесу мәселелерді көтерді.
УӘДЕ – ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
Былтырғы жылы қазан айындағы кездесуде қала тұрғындары көтерген 8 мәселенің 4-уі шешімін тапты, 4-уі бойынша жұмыстар жалғасуда.
1. Текелі қаласының су құбыры желілерінің ысырмаларын ауыстыруға 2024 жылға 168 миллион теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша мердігер анықталып, «Kosem ltd» ЖШС-мен 392 ысырманы ауыстыру жөнінде келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда мердігер ысырмаларды қалаға жеткізді, ауыстыру жұмыстары 15 маусымда басталды. Жұмыстар қыркүйек айының соңында аяқталады.
2. Қаладағы «Достық», «Алатау» шағынаудандарына бейнебақылау камераларын орнату үшін жергілікті бюджеттен 53 миллион теңге қарастырылды. 2023 жылдың қараша айынан бастап биылғы қаңтар айына дейін «Ha-Rau Com» ЖШС қала бойынша 84 бейнебақылау камерасын орнатты.
3. Өткен кездесуде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар көмек сұраған. Жалпы, қалада 98 бала тізімде тұр. Олардың барлығы да мемлекеттің қамқорлығында. Халықпен кездесуде көтерілген мәселе нәтижесінде мүгедектігі бар екі балаға қосымша медициналық көмек көрсетілді Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында Текелі қалалық ауруханасының мамандары «Ерекше балалар» деген атаумен арнайы чат құрған. Бірақ бұл чатты ұйымдастырушылардан өзге ешкім білмейтін болып шықты. Облыс әкімі бұл істі жүйелі ұйымдастыруды жауапты мамандарға тапсырды.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай