Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік қызмет институтында жаңа реформалар іске асырылуда. Халықтың өтініштерін қарау тәртібі өзгерді. Бюрократиядан арылу шаралары қолға алынып, ашықтық пен жариялылық принципі алдыңғы орынға шықты. Халықпен есепті кездесулер өткізудің талабы өзгеріп, тұрғындармен өзара сындарлы диалог құру міндеті қойылды. Халық үніне құлақ асатын мемлекет саясаты жоғары деңгейде жүзеге асып келе жатқаны қуантады. Мемлекеттік қызметші сол үдеден шығуды көздейді. Мемлекеттік қызметкерлердің биылғы мерекесі облыстық әкімдікте аталып өтті.
Мереке қарсаңында еліне адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап төл мерекемен құттықтап, мемлекеттік қызметтің жаңа моделін құрудағы ерекшеліктерді атап өтті.
Жалпы, облыста 3500-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың орта есеппен алғандағы жұмыс өтілі 12 жыл. Ал мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 51% болса, жастардың үлесі 34,6 % көрсетуде.
Мерекелік басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев мемлекеттік қызметкерлердің негізгі міндеттерін атап өтті.
– Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Халықтың мемлекетке деген сенімі ең алдымен біздің әрқайсымыздың біліктілігіміз бен рухани - адамгершілік қасиетімізге байланысты қалыптасады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары ашықтық, нәтижелілік, парасаттылық болуы тиіс. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады» деп айтуы әрбір мемлекеттік қызметкерге зор жауапкершілік жүктейді. Біздің міндет – адал қызмет етіп, халықтың алғысын алу. Осы жолда талмай, тынбай еңбек етіп, мінсіз қызмет көрсетіп жүрген әрбіріңізге үлкен алғыс айтып, облыс әкімінің атынан ризашылық білдіремін, – деді өз құттықтауында.
Талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында қазіргі уақытта облыстарда өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Биыл жобаға облыстан 300-ге жуық азамат өтінім білдірген. Кадрлық тапшылықты азайту, жастарды мемлекеттік қызметке тарту аясын кеңейту мақсатында жоғары оқу орындарында грантта оқып, үздік аяқтаған түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау тетігі енгізілді. Осы тәсіл арқылы өткен жылдан бері Жетісу облысында 13 жас маман мемлекеттік қызметке орналасты.
Мереке қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі табыс етілді. Жоғары құрмет мемлекеттік қызметті дамытуға елеулі үлес қосқан, мемлекеттік қызметте 15 жылдан астам мінсіз жұмыс істеп келе жатқан облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлерінің әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбайға, Текелі қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Нұржамал Шохановаға және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік қызмет көрсету және әлеуметтік әріптестік бөлімінің бас маманы Гүлшат Мусиноваға табысталды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар мемлекеттік қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Қызметке жаңадан тағайындалған басшылар мен жас мамандар «өз ісімізге адал боламыз, ел сенімін ақтаймыз» деп салтанатты түрде ант қабылдады.
Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ