ЖАУАПКЕРШІЛІК - МЕМҚЫЗМЕТТІҢ БАҒДАРШАМЫ

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 387
Бөлім: САЯСАТ

Маусым айының 23-і Мемлекеттік қызметкерлер күні. Соған орай Алакөл ауданы, Жыланды ауылдық округі аппаратының бас маманы Әділ Мұқановпен сұхбаттастық.


Әділ Қалиұлы Алакөл ауданы Қабанбай ауылының тумасы.  Мемлкеттік қызметке енді ғана аяқ басқан жас маман әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «кадастр және жерге орналастыру» мамандығында оқыған. 2023 жылы оқу бітіріп, бүгінде туған жеріне, еліне қызмет етуде. 

– Әділ Қалиұлы, айтыңызшы, мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек? 
 – Шындығында мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы, қызметкердің ел алдындағы жауапкершілігі, мұның барлығы билікке аяқ басқан адамға қажет. Әрбір жас маман алдымен арнайы тест тапсырады. Мұның барлығы белгілі. Дегенмен, сынақтан сүрінбей өткендерге айтарым – мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін алғашқы күннен сезінесің. Оны қызметке араласқан адам ғана түсінеді. Әрине, мемлекеттік қызметтің дәрежесі және мәртебесі ерекше. 

– Сөзіңізге қарасақ, жауапкершілікті жоғары бағалайтын сыңайлысыз. Мемқызметтің табалдырығын жаңа аттаған замандастарыңызға айтарыңыз бар ма?
– Әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің жұмыс орнында өздерінің мемлекеттік биліктің мүддесін көрсететінін түсінуі керек. Осыған орай азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеп туындаса да жанжалдардың алдын алуға немесе оларды болдырмауға әрекет ету қажет. Әрине, мемлекеттік қызметке келген азаматқа қойылар талап көп. Бірақ, ең бастысы, барлығы құқықтық саясат тұжырымдамасында тайға таңба басқандай атап көрсетілген. 

– Әр қызметтің өз міндеті бар. Сіздің сала мойныңызға қандай міндет артты?
– Мемлекеттік қызметкерлердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің санасына сіңірген жөн.
Ең алдымен, ұлттық құндылықтарымызды қорғай білген абзал. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, болашақ ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте сақтау керек.

– Тілеулестік қанат қатайтады. Әріптестерге ақжарма тілегіңіз қандай?
– Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Әдеп кодексін басшылыққа алып, мемлекеттік қызметкердің беделін, мәртебесін түсірмеуді үнемі назардан тыс қалдырмайтын қызметкердің қашанда абыройы асқақ болмақ. Өзінің лауазымдық жауапкершілігін түсініп, қызметін жекебасының қамы үшін пайдаланбай  мемлекет ісіне адал болу әрбір мемлекеттік қызметкердің парызы дегім келеді. Жұмыс уақытынан тыс, бос уақытында да мемқызметкердің ережесін бұлжытпай орындау бізді абырой биігіне жетелейтіні анық.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айғаным АЙТМҰХАН