АЛАЯҚТАР МИНИСТРДІҢ АТЫНАН ХАБАРЛАМА ЖІБЕРГЕН

Уақыты: 01.07.2024
Оқылды: 379
Бөлім: САЯСАТ

Мәдениет және ақпарат министрлігі Аида Балаеваның атынан қазақстандықтарға түрлі мәселелер бойынша хат жазатын алаяқтар пайда болғанын ескертті. 


Министрлік мұндай сипаттағы хабарламаларды Аида Балаева емес, алаяқтар жазатынын ескертті.

"Мұндай хабарламалардың жалған екенін мәлімдейміз. Аида Балаева және Мәдениет және ақпарат министрлігі мұндай хабарламаларды электрондық пошта, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да байланыс арналары арқылы жібермейді", – делінген хабарламада. 

Ведомство қазақстандықтарды қырағы болып, алаяқтармен хат алмаспауды сұрайды. Егер сіз осындай хабарламаларды алсаңыз, мына әрекеттерді жасауды ұсынамыз:

  • Оларды елемеңіз және жауап бермеңіз;
  • Алаяқтық фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлаңыз;

"Азаматтарымыздың мүдделерін қорғау – басты міндет және алаяқтық әрекеттерді тоқтатуға бар күш-жігерімізді саламыз", – деп хабарлады министрлік.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ел азаматтарына алаяқтар туралы ескерту жасады.

"Алаяқтардың жасанды интеллекті пайдаланғаны туралы хабар келді. Жасанды интеллект қолданатын алаяқтар қаржылық артықшылыққа қол жеткізу үшін өздерін басқа адам ретінде жасырып, дауысын өзгерте алады", – делінген хабарламада. 

Мысалы, бұрын өзін банк немесе полиция қызметкері деп атаған алаяқтар енді кез келген танысыңыздың, достарыңыздың немесе жұбайыңыздың атын жамылып телефон соға алады. Себебі, жасанды интеллект алаяқтардың дауысын өзгертіп, бұл әрекетті оңай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен бір адамның бет-бейнесін екінші адамның кейпінде көрсетуге болады. Сондықтан, жеке ақпаратыңыз бен қаражатыңызды қорғауға тырысыңыз.