ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАНДАНА ТҮСЕДІ

Уақыты: 05.07.2024
Оқылды: 373
Бөлім: САЯСАТ

Бізде Қытай деген елдің аты аталса болды, бірден жағымсыз әңгіме айта жөнелетіндер көп: тауарының сапасын келемеждейді, «Не болса соны жейді» деп ас мәзіріне «аяушылықпен» қарайды, «Тәуелсіздігімізге қауіп төндіреді» деп ата дұшпан көретіндер де аз емес. Бірақ осындай стереотиптерді сәл ысыра тұрып көз жіберсек, қазіргі Қытай «біздің қиялымыздағыдан» өзгерек секілді көрінеді. Бүгінде қытай тауарының бәрін сапасыз дей алмайсыз, геосаяси тұрғыдан да бұл ел біздің елмен жақсы қарым-қатынас ұстап келеді.


Мәселен, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезде егемендігімізді алғаш таныған мемлекеттердің қатарында Қытай да бар. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы 3 қаңтарда орнаған, яғни азаттығымызды жариялағаннан соң екі аптадан кейін қарым-қатынастың іргетасы қаланған.

Шегараны делимитациялау және демаркациялау мәселесінде де өзара түсіністік болды. Яғни, сауатты дипломатиялық қарым-қатынастың нәтижесінде ың-шыңсыз шегараны шегендеп алдық.

Коронавирус кезінде алғашқылардың бірі болып Қытай көмек қолын созды. Гуманитарлық көмектің алғашқы партиясында 50 мың тест-жүйе, 70 мың қорғаныс көзәйнегі, 150 мың медициналық қолғап, 1000 түйіспесіз термометрлер, 30 мың қорғаныс костюмі мен 600 мың маска әкелінген. Кейіннен дәрігерлерін жіберіп, вакцинасын да ұсынды. Күні кеше тасқын салдарымен күреске көмек ретінде Қытай гуманитарлық көмек аттандырды.

...Қытаймен визасыз режим орнағанына да көп болған жоқ. Мұның игілігін шағын және орта бизнес өкілдері, шегаралас өңірдің халқы, кәсіпкерлер мен туристер көріп жатыр. Мәселен, визасыз режим енгізілгелі бері Қытайдан Қазақстанға 126 мың турист келіп-кетіпті. Олар әсіресе Астана мен Алматы секілді қалаларды көбірек аралаған. Оның үстіне, визасыз режим орнағалы талай жыл туысын көрмеген қандастарымыздың мәре-сәре болғанын әлеуметтік желіден де, бұқаралық ақпарат құралдарынан да оқып-біліп отырмыз. Негізі Қытай екінің біріне визасыз режим енгізе бермейді. Демек, екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынас одан әрі тереңдей түспек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуінде: «Егер тарих қойнауына үңілсек, Қытай елі Қазақ еліне ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауыл құрған емес», – деді. Бұл жерде, шамасы, баяғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде Қазақ хандығына үлкен қауіп төндірген жоңғарлардың көзін жоюға қомақты үлес қосқан Цин империясы екенін меңзеген болуы керек.

Қазіргі күрделі геосаяси ахуал кезінде әлемнің екінші экономикасы болып отырған Қытай елімен достық қарым-қатынас ұстай білгеніміз абзал. Әрине, өз мемлекеттік-ұлттық мүддемізді сақтай отырып.

Сәкен Сыбанбай,
журналист