Парламент сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың өңір тұрғындарымен кездесуі әлі де жалғасуда. Осы апта жетісулық ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері және әр деңгейдегі мәслихат депутаттарымен түрлі тақырып төңірегінде ой бөлісті.
– Тұрғындармен кездесудің айырықша маңызы бар. Мұнда заң шығарушы органдардың жұмыс барысын таныстырып, оған жергілікті азаматтарды белсене қатысуға тарту. Яғни, жергілікті мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, тәжірибелі қариялар тұрғындармен етене жақын, қоян-қолтық жұмыс істейді. Өңірлердегі түйткілді мәселелер, шешімін күткен сұрақтар, халықтың өтініш-тілегін жақсы біледі. Сол сұрақтарды бізге жеткізсе, оны заңды түрде шешуге атсалысуға тиімді болады. Әрине, аудан, облыс деңгейінде шешілетін мәселелер болса оны жергілікті әр деңгейдегі мәслихат депутаттары өз құзырында жүзеге асыра береді. Ал республикалық деңгейде көтерілетін сұрақтарға көмектесуге дайынмын, – дейді Ғалиасқар Төлендіұлы.
– Бүгінде жетісулықтарды жиі мазалайтыны электр тарифінің қымбатшылығы. Тіл сарайында өткен кездесуде осы мәселе тағы айтылды. Сондай-ақ, денсаулық саласындағы жүйесіздік, дәрі-дәрмектің қымбатшылығы мен ауру балалардың көбеюі, зорлық-зомбылық, жемқорлықпен күрес мәселелерінің ұшығып тұрғаны, тағы да басқа жұрт жүрегін сыздатқан сұрақтардың көптігі де сөз болды. Ал аға буын мен жастар ортасындағы ұрпақ сабақтастығы мәселесі де назардан тыс қалмады.
Кездесуден соң сенатор Талдықорған қаласында салынып жатқан бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен «Жетісу арена» мұз айдынында болды. Бірегей спорт кешені тұрғындардың жаздың аптап ыстығында да қысқы спорт түрлерімен айналысуға толық мүмкіндік береді. Спорттың осы түрін дамытуға арналған мұз айдынының сапалы салынғаны бірден байқалады. Оны уақытымен тегістеп, қалпына келтіріп отыратын арнайы техникалар бар. Мұнда ауа температурасы да қалыпты. +5, 6 градус шамасында. Бір мезгілде 120 адамға дейін қабылдай алады. Жалға берілетін 200-ге жуық коньки бар. Арнайы нұсқаушылар да барын үйретуге дайын. Ашылғанына көп болмаған мұз айдынында 300-ден аса жасөспірім шорт трек, шайбалы хоккей, керлинг және мәнерлеп сырғанау спорт түрлері бойынша жаттығады. Алдағы уақытта бұл сан еселене түспек. Себебі, жаздық каникул болса да келушілердің қатары көп.
– Кешенде бір жарым сағат жаттығудың ақысы 2 мың теңге. Дегенмен мектеп оқушылары мен мұз спортына тәрбиелейтін ұжымдарға жеңілдік қарастырылған. Көпбалалы отбасы балаларына да жеңілдік беріледі, ал мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетеді, – дейді «Жетісу арена» мұз айдынының директоры Қайратжан Омарбеков.
Келесі кезекте сенатор «Болашақ» шағын ауданында салынып жатқан «Жетісу» волейбол командасының жаттығу базасы мен клуб құрамындағыларға арналған тұрғын үй құрылысын да көрді. Инвесторлардың қаржысымен салынып жатқан нысан жаз соңына қарай қолданысқа беріледі деп күтілуде. Заман талабына сай келетін кешенде спортшылар үшін екі жаттығу залы, медпункт, киім ауыстыру мен жуыну бөлмесі бар. Сондай-ақ, арнайы оқу-жаттығуға қажетті барлық құрал-жабдық қарастырылады.
«Құрылыс жұмысы жыл басында басталған «Бірлік» шағын ауданындағы Үстел теннис орталығы қолданысқа берілген соң халықаралық сайыстар өткізіліп, қалалықтардың көңіл қуанышына айналады», деп ойлап жүруші едік. Өкінішке қарай, жұмыс қарқынды емес. Нысан кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебімен жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Былай қарағанда құрылысшылар жанталасып жұмыс істеп жатқандай көрінгенмен, бұл тек өткелден өтіп кетудің амалы болса керек. Жоспар бойынша жыл соңына дейін қолданысқа берілуі мүмкін нысанның біте қоюы екіталай. Бұл жағдай сенатордың да көңіліне жақпады.
– Бәріміз осы қаланың тұрғынымыз. Бүгін әр жақта еңбек етіп жүрсек те түбі туған жерге табанымыз тиетіні анық. Демек, мұндай нысан біз үшін, балаларымыз үшін керек. Болашақта облыс орталығында осындай нысан салына ма, салынбай ма, ол жағын болжау қиын. Сондықтан құрылыс жұмысы сапалы әрі заманауи өлшемдерге сай жүргізілгені жөн. Бұл кешен құрылысы менің бақылауымда болады, – деді сенатор.
Ғалиасқар Төлендіұлы әр нысанға барғанда жауапты сала басшылары, мердігер компания өкілдері және құрылысшылармен пікірлесіп, жұмыс барысын сұрастырып, көңіліне толмаған тұстарын түртіп алып отырды. Өйткені, бұл ертеңгі жұмыс барысында назарда жүретін болады.
Қажет АНДАС