Құрылыс қарқынын күшейту қажет

Уақыты: 23.07.2024
Оқылды: 957
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысына іссапары барысында Панфилов ауданына келіп, «Samruk Kazyna Conustruction» АҚ жүргізіп жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жаркент қаласындағы 1200 орынды жаңа білім ошағы құрылысымен танысты. Аудан әкімі Марат Сағымбек бастап келген құрметті қонақтарды құрылыс басшылары қарсы алып, мектеп құрылысының барысын жоба жетекшісі Ғани Иманғалиев баяндады.

«ПГС–Астана» ЖШС атқарып жатқан құрылыс жұмыстарының біршамасы жүзеге асыпты. Атап айтқанда, жобаның жалпы құны 7 миллиард теңгеден астам болса, соның 3 миллиарды игерілген. Білім ошағының негізгі құрылысы балалар оқытатын екі блоктан тұрса, соның бас ғимаратының құрылысы салынып, қазір ішкі әрлеу, электр желілерін жүргізу сияқты жұмыстарын атқаруға кірісіпті. Нысанда жалпы 40-тан астам адам жұмыс істеуде. «Жайлы мектепті» үстіміздегі жылы 1 қарашада пайдалануға беру көзделген. 

Депутат жоба жетекшісінен бірқатар маңызды мәселелерді сұрап, межелеген уақытта білім ошағын пайдалануға беру үшін жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Құрылысшылар санын 300-ге дейін жеткізіп, уақытпен санаспай еңбек еткенде ғана мақсатқа жетуге мүмкіндік барын ескертті. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейітқожаев пен болашақ «Жайлы мектептің» директоры Айгүл Дәрубаевадан оқушылар қабылдау мен кадр мәселесін шешудің жай-жапсарын сұрады. Жаңа білім ошағына негізінен білікті жас мұғалімдерді тартқан жөн екенін ескертті.

Сенат депутаты бұдан кейін «Құрғақ портқа» келіп, халықаралық жүк тасымалдаудың жай-күйімен танысты. Мұндағы жұмысты «Қорғас – шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарма компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Баймағамбетов таныстырды.

«Құрғақ порттың» екінші жүк өңдеу кезеңі іске қосылды. Оған дейін айлақтан күн сайын жүк тиелген 8-9 пойыз аттандырылса, бұл көрсеткіш екі есе өсіп, күн сайын айлақтан жүк контейнерлері тиелген 18-19 пойыз сан тарапқа жол тартуда. ҚХР тарапынан өткізілген контейнерлерге тиелген жүктердің басым бөлігі Орта Азия мен Парсы шығанағы арқылы Еуропаға, тағы басқа да шалғай шет елдерге қысқа мерзімде жеткізіледі. 

Депутат бұдан кейін «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» жұмыс барысымен және нысандарымен танысты. Орталық қызметін «Қорғас» ШЫХО АҚ басқарма төрағасы Ерсін Оразаев баяндады. 

Орталық қызметі барлық бағытта жетілдіріліп, цифрландырылып, келушілерді қабылдау сапасының деңгейін арттыруға әрекет жасап отыр. Өткел залдарында үлкен кезектің алдын алу үшін келушілерге билеттерді онлайн сатып алудың жеңілдетілген жүйесі әзірленді. Билеттің құны бір адамға шамамен 3000 теңгені құрайды. Орталық ашылғаннан кейін күніне шамамен 3 мың адам қабылдауға мүмкіндік бар. Басқарушы компания 2023-2025 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірледі. Осы стратегия шеңберінде Даму тұжырымдамасы сауда-туристік кластерді дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, сауда орталықтары, қонақүй, ойын-сауық кешендері, көрме орталықтары және сол сияқты басқа да инвестициялық жобалар көзделген «Қорғас» ШЫХО» АЭА бас жоспары нақтыланады. 

Депутат Ғалиасқар Сарыбаев орталық басшыларынан шегарадағы маңызды нысандарға газ тарту жағдайын да сұрады. Сапар барысында айтылған бірқатар шешімін күткен мәселелерді тиісті орындарға жеткізетінін, оларды оңтайлы шешуге ықпал жасайтынын жеткізді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы