Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдумды онлайн өткізу туралы петиция жарияланды

Уақыты: 04.09.2024
Оқылды: 454
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдумды бюджет қаражатын үнемдеу және дауыс беру процесін жеңілдету мақсатында онлайн форматта өткізуді ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ePetition порталында онлайн референдум өткізу туралы петиция жарияланды. Онлайн референдум өткізу идеясы дәстүрлі референдум өткізу бюджеттен 15,5 миллиард теңге жұмсалатыны туралы ақпараттан кейін пайда болған. Петиция авторының айтуынша, онлайн дауыс беру шығындарды азайтып, азаматтар үшін процестің қолжетімділігін арттырады, сонымен бірге қауіпсіздік пен құпиялылықты қамтамасыз етеді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумды онлайн өткізу мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемде электронды дауыс беру жүйесін қолдану тәжірибесі бар болғанымен, мұндай жүйелердің көпшілігі қашықтықтан дауыс беру үшін емес, тікелей сайлау учаскелерінде қолданылады.

"Біз осы мәселе бойынша ЕҚЫҰ маманын шақырдық, олардың айтуынша, мұндай жүйені енгізбес бұрын оның қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуіміз қажет. Сондай-ақ қазір фейктердің бар екенін, киберқауіпсіздік туралы мәселердің көбейіп бара жатқанын өз көздеріңізбен көріп отырсыздар", – деді Әбдіров.

Сонымен қатар, орталық сайлау комиссиясының төрағасы онлайн дауыс беру форматына көшу бюджетті үнемдеуге әкелмейтінін атап өтті. Керісінше, мұндай жүйелерді әзірлеу және енгізу дәстүрлі референдумға қарағанда ондаған, мүмкін жүздеген есе қымбатқа түсуі мүмкін.

 

Фото: ztb.kz-тен алынды