Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Жолдауындағы басым бағыттар аясында атқарылатын жұмыстарға түсінік берді.
«Екінші қыркүйекте Мемлекет басшысының қатысуымен VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясы өз жұмысын бастады. Ең алдымен баршаңызды сессияның ашылуымен құттықтаймын! Сессияның ашылуында, қалыптасқан дәстүр бойынша, Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Бұл бағыттарды іске асыру аясында «бюджеттік және әлеуметтік прагматизм» қағидатына ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, инфрақұрылымның негізгі рөлі, цифрландыру сияқты қағидаттарға да басымдық берілді. Кәсіпкерлер үшін тиімді шарттарды сақтай отырып, салық режимдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Банк секторын экономикаға көбірек инвестиция салу үшін ынталандыру шаралары да қабылданады», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың рөлі артып, ел экономикасына инвестиция тартуға және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған қосымша шаралар қабылданады. Орта бизнес жаңа жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Сол арқылы 2029 жылға қарай орта бизнестің экономикадағы үлесін 15 пайызға дейін жеткізу үшін қолайлы жағдай жасалады. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция, атап айтқанда, коммерциялық банктердің қаражатын тарту басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымы құрылады.
«Мемлекет басшысы энергетика секторындағы және көлік саласындағы инфрақұрылым проблемаларын шешудің нақты жолдарын да айқындап берді. Президентіміз 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сол арқылы аталған маңызды мәселе бойынша шешімді Қазақстан халқы қабылдайды. Сондай-ақ Жолдауда 2025 жыл біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын дәріптеуге ықпал ететін Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Мемлекеттік басқару саласында бюджет ақшасын тиімді пайдалануға, шығыстарды шектеуге және қатаң бақылауға арналған шаралар қабылданады. Алдағы уақытта аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланатын болады», - деді Сенат төрағасы, Ұлт денсаулығын нығайту, азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жаңғырту, білім беру сапасын арттыру бойынша да нақты міндеттер айқындалды.
«Экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаны қорғауды насихаттау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы, Жолдауда жүктелген міндеттер мен мақсаттарды іске асыру үшін тиісті заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданады. Палата олардың уақтылы қаралуын және мақұлдануын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстарды біз Мәжіліс пен Үкіметтегі әріптестерімізбен және сарапшылармен бірлесіп жүргіземіз. Азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға және Қазақстанның орнықты дамуына арналған Президентіміздің барлық бастамасын сессия барысында бірлесіп іске асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Осы бағыттағы жұмыстарымыз нәтижелі әрі сәтті болады деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев.