Жетісуда облыс активінің жиыны өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру жайы талқыланды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, департаменттердің, басқармалардың, мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.
Бейбіт Исабаев Жолдауда атап көрсетілген 9 нақты міндетке жеке-жеке тоқтала отырып, осы басым бағыттарды іске асыруға қатысты жергілікті деңгейде қабылдануы тиіс шараларға ерекше назар аударды. Өңір басшысы облыс экономикасына, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге инвестицияларды белсенді тарту қажеттігіне айрықша тоқталып, сала басшыларына ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, түрлі дақылдар өсіретін орталық ашу, суару жүйелерін жаңғырту және ылғал үнемдейтін технологияларды пайдалану аясын кеңейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
- Президент атап өткендей, жер – осы саланың инвестициялық тартымдылығының негізгі элементі. Облыс көлемінде 2022 жылдан бері 1,2 млн. гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 809,2 мың гектары айналымға енгізілді. Пайдаланылмайтын жерді қайтару жұмысы жалғастырылуда. Қайтарылып алынған жерлер заң шеңберінде халықтың мақсатты пайдаланылуына берілуі керек. Жалпы жер мәселесі облыстық жер қатынастары басқармасы мен аудан, қала әкімдерінің тұрақты бақылауында болуы тиіс, - деді Б. Исабаев.
Сонымен қатар спикер қазіргі кезде өңірде жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету жұмыстарында оң нәтижелер бар екенін атап өтті. Мәселен, «Достық-Мойынты» теміржол желісін салу жобасын іске асыру барысында жергілікті «Талдықорғанкабель», «АСПМК-519» темір бетон кәсіпорны, «Айсұлу» тігін фабрикасы өз өнімдерін жеткізетін болады, яғни аталған кәсіпорындармен жалпы 5 млрд.теңгеден асатын сомаға келісімшарттар жасалған. Сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қолдауды ескере отырып, облыстың ірі кәсіпорындарының айналасында аралас өндірістер ашу мәселесін қарастыру керек.
- Мәселен, Кербұлақ ауданында жаңа ірі инвестициялық жоба – мыс комбинаты салына бастады. Оның құрылысына өзіміздің өңірде өндірілген материалдардың пайдаланылуына назар аударуымыз керек. Сөйтіп біз жергілікті мазмұнның үлесін арттыра түсеміз. Бұл ретте кадр мәселесі де маңызды. Президент 2025 жылды жұмысшы мамандығының жылы деп жариялағанын білесіздер. Ең алдымен, технологтар, су мамандары, білікті құрылысшылар, энергетиктер және басқа да сала кадрларының тапшылығын азайту, жұмысшы кәсібінің имиджін көтеру шараларын қабылдауымыз қажет, - деді Б. Исабаев.
Осы орайда «Жетісу облысының жаңа мамандықтар атласын» өзектендіру, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа жұмысшы мамандықтарды ашу ісін жалғастыру тапсырылды. Еске салсақ, оқу жылының басынан бері өңірдің 11 колледжінде 13 жаңа мамандық ашылған.
Бейбіт Исабаев өзекті инфрақұрылымдық проблемаларды, соның ішінде энергетика және коммуналдық салалардағы туындаған мәселелерді шешу үшін қажетті шаралар қабылдау жайына егжей-тегжейлі тоқталды. Сол қатарда газдандыру, көлік-логистика саласын дамыту мәселелері де талқыланды.
Жиында әлеуметтік инфрақұрылымды, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларын дамыту жайы да назардан тыс қалған жоқ.
- Мемлекет басшысы айтқандай, бұқаралық спортсыз дені сау жастарды тәрбиелеу және бүкіл ұлттың денсаулығын нығайтуға қол жеткізу мүмкін емес. Біздің облыста спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 39%-ға дейін өсті. Спорт мекемелерінің желісін одан әрі кеңейтуге назар аударылып келеді. Биыл 3,7 млрд. теңгеге 9 спорт нысаны салынып жатыр. Осы орайда іске қосу жоспарланған спорт нысандарының құрылысы мерзімінде әрі сапалы аяқталуы тиіс, - деді Б. Исабаев.
Жауапты тұлғаларға экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған шараларды одан әрі жалғастыру туралы тапсырма берілді. Жалпы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына өңірдің 173 мыңнан астам тұрғыны қатысқан. Облыста орман алқаптарының аумағын ұлғайту үшін биыл 2 млн. данадан астам ағаш отырғызылды.
Сөзінің соңында облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жергілікті жерлерде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелеріне тоқталып, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу барлық деңгейдегі басшылардың жеке бақылауында болуы тиіс екенін айрықша атап өтті. Облыста Жолдауды жүзеге асыруға арналған іс-қимыл жоспары әзірленуде, онда айқын міндеттер және олардың нақты орындалу мерзімі белгіленеді.
- Алдымызда жұмысты одан әрі жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын нәтижелі жүзеге асыру міндеті тұр. Ол үшін біздің облыста барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан осы айтылған стратегиялық мақсат-міндеттерді өздеріңізбен бірлесіп сапалы атқарамыз деп сенемін, - деді Б.Исабаев сөзінің қорытындысында.
Фото: Жеңіс Ысқабай