Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзіне жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша елімізге қай мемлекет АЭС салатынын білетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Жетінші студия» бағдарламасында қонақта болған Мәжіліс депутаттары АЭС құрылысына қатысты қоғамдағы ақпарат біржақты дейді.
"Біріншіден, қоғам білмей жатқан бір мәселе: атом электр станциясының құрылысына Қазақстанның бюджеттік қаржысы кетеді, "оны жемқорлар тонайды" деген түсінік бар. Бұл Қазақстанның ақшасы емес, бұл Бүкіләлемдік банктің несиесіне салынады. Оны жұмсақ қайтару бар. Әрине, бізде сыртқы қарыз бар. Дегенмен бұл – бізге өте пайдалы, тиімді қаржыландыру көзі. Сондықтан Қазақстанның, бюджеттің ақшасы кетеді деген қорқыныш болмауы керек, бұл ұзақ жыл қайтарылады, инвесторға 30-40 жылдың маңында қайтатын ақша", - деді депутат.
Бапидің пайымынша, қоғамдағы алаңдаулықтың басым бөлігі – АЭС құрылысынан бұрын, оған бөлінген қаржының дұрыс игерілуіне қатысты.
"Бізде қоғам тарапынан қауіптің бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі ғой. Қарсы болып жатқан халықтың көпшілігі атом электр станциясының өзіне қарсы емес, игеру мәселесіне, біздегі жүйеге қарсы. Халықтың көпшілігі АЭС-тің өзіне қарсы емес, соны игеру мәселесіне, жүйеге қарсы. Біз егерде халыққа осыны түсіндіре білсек, халық тарапынан қолдау болады. АЭС салатын штабқа сұранып кірдім. Сұранып кіруімнің өз себебі бар. Ең алдымен мен билік пен халық алдында дәнекер болғым келеді. Маған жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша оны АЭС-ті кім салатынын білемін. Егер Қазақстанға қажетсіз бір ел салатын болса, бұл мәселеге қарсы болатын едім. Менің ойымша сол инвестор келетін болса, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын", – деді Ермұрат Бапи.
Фото: parlam.kz