Қазақстанда бюджет қаражатының жетіспеуі байқалуда. Мәжілістің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бұл мәселені тілге тиек ете отырып, келесі жылдан бастап фермерлерге субсидия берілмейтінін айтты.
Мәселен, осы жылы фермерлерді субсидиялау үшін бюджеттен 1 миллиард доллар жұмсалған көрінеді. Сол себепті дәстүрлі демеу қаржы әдісі тоқтатылып, ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстарды жергілікті әкімдіктер жалпы трансферттер арқылы жүзеге асырады. Тиісінше ал өтінімдер жеке қаралатын болады.
Серік Жұманғарин фермерлерге тек 5%-дық несие берілетінін де атап өтті.
"Шынын айтқанда, келесі жылы біз қаржылық субсидия бермейміз. Барлығы. 5%-дан аспайтын несие ғана береміз, болды. Субсидияларға келсек, бұл жерде әкімдіктер өздері жұмыс істейді. Жалпы сипаттағы трансферттер болады. Мысалы, олар (фермерлер – ред.) жүйеге кіргенде, кезекке тұрады, сөйтіп, барлық субсидияларды соларға береміз, ал келесі қарыздарымыз қалып қояды, бұл жүйе осылай көп жылдан бері жұмыс істеп келеді, оны тоқтатуымыз керек. Қалай тоқтатамыз? Кезек арқылы. Себебі қаржы жоқ, субсидия бөлінбейді. Келесі жылы бұл жүйені жабамыз", - деді вице-премьер Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында.
ЖЕТІСУ АҚПАРАТ
фото: Зорикто Дагбаев