БАЛАМАСЫЗ ӨНДІРІС ӨРІСКЕ БАСТАЙДЫ

Уақыты: 06.12.2024
Оқылды: 1630
Бөлім: САЯСАТ

Талдықорғанда Қазақстанда баламасы жоқ өндіріс ашылды.  Енді өңірден толық циклді өнеркәсіптік батареялар шығады.  Бұл өнім мұнай-газ,  тау-кен өнеркәсібінде,  темір жолдарда,  баламалы энергия өндіру көздерінде пайдаланылады. Заманауи өндіріс орнының  салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып,  баламасыз өнеркәсіп иелерін құттықтады.

– «Asma Industrial» зауыты Қазақстанда бірегей кәсіп орын. Мұнда өндірілген әр түрлі салаларда кеңінен қолданылатын толық циклді өнеркәсіптік аккумуляторларын шығарады. Бұл инвестициялық жобаның іске асырылуы облысымыз үшін өте маңызды оқиға.  Біз өз тарапымыздан барлық қажетті мемлекеттік қолдау көрсеттік. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 260 млн. теңге сомасына инженерлік желілер тартылды. Компания өз саласындағы инновациялық көшбасшы ретінде өз мәртебесін нығайтып, Мемлекет басшысы қойып отырған өндірістік саясатты алға бастыру міндетін іске асыру жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенеміз, –  деді Б.Исабаев.

Бұл зауыттың жобалық құны 8,5 млрд. теңге.  Өндіріс орнының басшысы Серік Әжмағамбетовтың айтуынша,  зауыт жылына 210 мың дана өнім шығарады.  Өнімнің 40 пайызы Қазақстанның ішкі нарығына бағытталса,  60 пайызы шетелге экспортталады.

– Бұл бастама 2021 жылдан қолға алынды. Содан бері бізге қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтардың бәріне алғысымды білдіремін.  Ұжымымыз жас, енді қалыптасу үстінде, қажетті кадрларды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандарымыздың көпшілігінің осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Ал жас мамандарды процесс барысында оқытып, үйрететін боламыз. Өнімдерімізге сұраныс бар, бұл ретте іргелі компаниялармен келісімдер жасалуда, – деді С. Ажмағамбетов.

Қазір зауытта мамандар аз.  Толық қуатына шыққанда 180 адам жұмыспен қамтылады.  Сейдахмет Қайқыбаев зауытта өндіріс басшысы қызметінде. Елағасы жасқа келгенше осы салада тер төккен.  Айтуынша,  стационарлық батареялар 20 жылға дейін қызмет көрсетеді.  Стартерлік аккумулятордан айырмашылығы қозғалыссыз бір орында тұрады әрі қызмет көрсету уақыты әлдеқайда жоғары.

Су жаңа өндіріс орнына жұмысқа орналасқандардың арасында  Дастан Қанатқанов та бар. Ол қазір қорғасын пластинкаларын құю цехының бастығы.  Өндіріс саласында 10 жылдан астам еңбек етіп жүрген маман кәсіпорынның болашағы жарқын боларына сенеді.

– Осындай бірегей кәсіпорында жұмыс істеп, кәсіби дамуымды жалғастыруға үлкен мүмкіндік туып тұр. Зауытта корей технологиясы қолданылады. Кез келген өңірдің қуатты іргетасы – ондағы ірі өндіріс орындары. Яғни салық түсімі молайып, сол арқылы аймақта инфрақұрылым жақсарады, жол, су, жарық, газ сияқты халыққа керекті жағдайлар жасалады. Сондықтан бұл жаңа зауыттың облыстың дамуына қосатын үлесі мол болады деп сенемін, – деді ол.

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай