Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында биылғы егін жинау науқанының аяқталуына орай жылдың қорытындысы бойынша жеткен жетістіктерді қорытындылаған жиын өтті.
Оған облыстағы ауыл және мал шаруашылығымен айналысатын, еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген еңбек озаттары шақырылыпты. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, көпшілікті ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтап, жыл бойына еңбекпен табылған жемістің қорытындысын баяндап, еңбек адамдарының жұмыстарын бағалады.
Облыс әкімі ең алдымен Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына аймақтағы 40-тан аса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқанын атап өтті. Ары қарай облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен еңбеккерлердің саланы өркендетуге қосқан үлестері туралы баяндады.
– Мемлекет тарапынан биыл агросубъектілерді қолдауға бюджеттен 35 млрд. теңге қаражат бөлінді, оның 23 млрд. теңгесі субсидия, «Кең дала» бағдарламасы аясында 4 млрд. теңге жеңілдетілген несие ретінде және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 9 млрд.теңге лизинг берілді. Нәтижесінде, 636 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, машина трактор паркінің жаңарту үлесі 8,2 пайызға жетті, су үнемдеу технологиясын енгізу 1,5 есеге, минералды тыңайтқышты қолдану көлемі 1,9 есеге ұлғайды, – деді ол.
Осы жылы облысымыздың диханшыларының қажырлы еңбектерінің арқасында 510 мың гектардан 2,1 млн.тонна ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 103,7% өсіммен
405,3 млрд. теңгені құрады. Қант қызылшасының да берекесі артып, 635 мың тонна тәтті түбір жиналған. Сонымен бірге дәндік жүгері, майбұршақ бойынша мол өнім алыныпты. Бұл соңғы 25 жылда алынбаған рекордтық өнім.
– Облыстағы екі қант зауыты биыл 94 мың тонна қант өндіруді көздеуде (өткен жылы 63 мың тонна), оның ішінде қант қызылшасынан 64 мың, қамыс құрағынан 30 мың тонна қант өндіреді. Бұл көрсеткіш Ақсу және Көксу қант зауыттарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде жүзеге аспақ. Келесі жылы Көксу қант зауытының қуаттылығы 250 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін ұлғаятын болады, – деді облыс әкімі.
Агроөнеркәсіп саласының басты қажеттілігі жердің қолжетімділігі. Демек, игерілмей, бос жатқан жерлерді ел игілігне айналдыру өнім көлемін арттыруға ықпал етеді.
– Ауылшаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайтып, жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін барлығы 1,2 млн. гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, оның ішінде 712 мың гектары айналымға қайта енгізілді, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Мал шаруашылығы ата кәсібіміз, ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі. Сондықтан мал басын көбейтумен қатар, оның сапасын арттыру күн тәртібінен түспейтіні анық. Бүгінде облыстағы төрт түліктің саны 2,5 млн. басқа жеткен. Осыған орай, соңғы екі жылда ветеринария саласындағы қауіпсіздік пен қызмет сапасын арттыру мақсатында 604,4 млн. теңгеге 50 модульдік ветеринариялық пункт салынып, пайдалануға берілді.
Жеріміз мол, жұртымыз еңбеккер, мол өнімге кенеліп жатырмыз десекте, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуды назардан шығаруға болмайды. Сондай-ақ, өндірілген өнімді экспорттау аймақтың экономикалық кірісін еселей түседі. Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтар жетістігіміз мол.
– Бүгінде азық-түлік өндірісінің көлемі 67 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік майы, сүт және нан өнімдерін өндіру көлемі ұлғайған. Жалпы облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 63 пайызы өзімізде өңделеді. Экспортқа жыл басынан бері 29,1 млн. долларға 71 мың тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімі шығарылды. Оның 77 пайызы өңделген. Өзімізде өндірілетін азық-түлік тауарының 14 түрі облыс халқын толық қамтамасыз етуге жеткілікті, – деді облыс басшысы.
– Заманауи технологияның пайдалану алаңын кеңейту үшін Талдықорған қаласында «BNK irrigation» ЖШС жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар, келесі жылы 7 млрд. теңгеге 3,9 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша 5 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.
Инвестиция ел экономикасын ілгерілетудің қозғаушы күші екендігі белгілі. Әлемдік экономикада орын алған қаржы-экономикалық қиындықтарға қарамастан, облыс инвестиция салуға ең қолайлы аймақтар қатарынан көрінді. Оған биыл аймақ экономикасына тартылған инвестициясының көрсеткіші нақты дәлел. Бұған ауыл шаруашылғы саласының да үлесі мол.
– Жалпы жыл басынан бері агроөнеркәсіп саласына
12,2 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылып, 3 инвестициялық жоба іске қосылды. Олар 200 басқа арналған «Ералы» ЖК-ның мал бордақылау алаңы, Гладиус Қаратал» ЖШС-нің 100 гектарға арналған су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша жобасы және «NК» ЖК-нің қуаттылығы 100 тонна сүт өңдеу цехы. Сондай-ақ, «ТАУ САМАЛ ЛТД» ЖШС, «Тәуелсіздік» ЖШС, «ТастөбеАгроФуд» ЖШС ірі жобалар бағдарламасы шеңберінде 2 млрд. теңгеге үш тауарлы-сүт фермасын кеңейту жұмысын жүргізуде, – деді облыс басшысы.
Облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласының ынталандырудағы мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екеніне тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деп сөзін қорытты облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Салтанатты шарада «Қалманбетов» шаруа қожалығының басшысы Зейнеқабыл Қалманбетовтың жүрекжарды лебізімен бөлісті. Сондай-ақ, облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін сала өкілдеріне марапаттар табысталды. Атап айтар болсақ, «Қалманбетов» шаруа қожалығының басшысы Зейнеқабыл Қалманбетов, «Райманов Н.А.» шаруа қожалығының басшысы Насиболла Райманов , «Бақытжан» шаруа қожалығының басшысы Бекасым Жумадиловтарға «Еңбек ардагері» медалі берілді. Сондай-ақ, бірқатары «ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Премер-Министрінің Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері номинациясы бойынша жеңімпаз болған заңды тұлғалар мен шаруа қожалықтарының иесі және қайта өңдеу саласының өкілдерінің 2-ші, 3-ші орын алғандарына ақшалай сыйақы, ал 1-ші орын алғандарға трактор берілді.
Қажет Андас
Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев