Абай еліндегі ағайындар

Уақыты: 14.02.2025
Оқылды: 600
Бөлім: САЯСАТ

Халқымызда: «елге ел қосылса – құт қонады» деген нақыл сөз бар. Әрине, бір ел, бір тудың астында өмір сүріп жатсақ та, әр аймақтың өз ерекшелігі, мүмкіндігі, жұмыс күшіне қажеттілігі бар. Естеріңізде болса, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қыруар іс атқарылды. Ол халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталды. Ал 2023 жылдан бері қолға алынған «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы талай жанның бағын ашып келеді. Осыған орай, жұмыс күші жеткілікті оңтүстік облыстардан солтүстік, шығыс облыстарға көшіп, қоныстанып, тіршілігін түзеп жатқандардың қатары көбейді. Сол қатарда жетісулықтар да бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратынша,  былтыр  Жетісу облысынан 349 адамнан тұратын 117 отбасы солтүстік-шығыс өңірлерге өз бетінше қоныс аударыпты. Нақтылап айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысында 11 отбасы (36 адам), Шығыс Қазақстан облысында 17 отбасы (45 адам), Павлодар облысында 68 отбасы (189 адам), Абай облысында 18 отбасы (68 адам), Қостанай облысында 3 отбасы (11 адам) ерікті қоныс аударған.

Бұл ресми ақпараттан жерлестеріміздің мемлекеттік бағдарламаға ынта танытып, ел экономикасын өркендетіп, өңірлердің дамуына үлес қосып жатқанын бағамдауға болады. Алайда, газетімізге оқырман тарапынан ерікті қоныс аудару бойынша көптеген сұрақ түсіп жатады. Оның кейбіріне ресми дереккөздер бойынша жауап қайтарғанымыз болмаса солтүстік-шығыс облыстарға көшіп барған ағайынның тыныс-тіршілігі туралы толыққанды ақпарат бермеген едік. Сондықтан облыстық «Jеtisу» газеті «Жетісудан – солтүстік-шығысқа» деген жаңа айдар ашып, көрші облыстарға ерікті қоныс аударған жерлестеріміз жайлы сараптамалық мақалалар дайындауды қолға алды. Жобамызға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев қолдау танытып, көрші облыстағы әріптестерімен хабарласып, жұмысымызды үйлестіру үшін облыстық еңбек мобильділігі орталығының қызметкері Жарқын Жаксыбековты қосып берді. Ол жақта Абай облысының еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Асқар Базылов сапарлас болып, бағытымызды реттеп отырды. Осылай жаңа бастаманың алғашқы сапарын Абай облысынан бастадық.

Керек-дерек

Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

  • Көшуге арналған субсидиялар

Отбасының әрбір мүшесіне біржолғы 70 АЕК төленеді ( 275 240 тенге )

– Тұрғын үй жалдау бойынша шығындарды өтеуге арналған субсидиялар 1 жыл, яғни ай сайын 12 айдан көп емес тұрғын үй алғанға дейін құрамында 1 адам бар отбасы үшін – ауылды мекенде 15 АЕК ( 58 980 тенге), қалада 20 АЕК (78 640 тенге), құрамында 2-4 адамы бар отбасы үшін – ауылды мекенде 18 АЕК ( 70 776  тенге), қалада 25 АЕК (98 300 тенге), құрамында 5 және одан көп адамы бар отбасылар үшін – ауылды мекенде 21 АЕК ( 82 572 тенге), қалада 30 АЕК (117 960 тенге) төленеді.

– Тұрғын үй алуға Отбасыға 1160 АЕК (4 561 120 тенге) аспайтын тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде көмек көрсетіледі.

–  қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

– жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

  •  экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

 Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Хакім Абайдың атымен аталатын облысқа жолға шыққанда көңілімізде: «Жолымыз қалай болар екен?», «Ойға алған мақсатымызға сай ақпарат ала аламыз ба?», «Кейіпкерлерімізден көңілсіз жауаптар естіп қалмаймыз ба?»... деген  күдікті сұрақ көп болды. Алаштың айбыны атанған Семей шаһарына аяқ басқаннан бастап бір түрлі жылылық жүрегімізді желпіп тұрды. Бізді жылы шыраймен қарсы алған Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсыннан алғашқы сұрағымызға жауап таптық.

– Былтыр 188 отбасы, яғни 530 адам Абай облысына көшіп келді. Оның ішінде 310 қоныс аударушы, 220 қандас. Бұл ретте Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан келгендерден бөлек, ҚХР, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресейден тарихи атамекеніне оралған қандастар да бар. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 503 адамға көшу шығыстарын өтеу үшін бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, 152 отбасының тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындары өтелді. 112 отбасына тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді, – деді ол.

Дегенмен, туып-өскен, бауыр басқан жерден тағы бір өңірге қоныс аударып, жаңа өмір бастау оңай емес. Бастапқыда қиындықтар болуы мүмкін, бірақ мемлекеттен берілген қолдау шаралары жаңа ортаға тез бейімделуге көмектеседі. Бағдарлама шын мәнінде қоныс аударушылар үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік қолдау болмаса, жаңа жерге келіп, бірден жұмыс тауып, үй алу қиындық туғызар еді. Осындай мүмкіндікке ие болғанның бірі Жарма ауданының Әуезов кентіне қоныстанған Панфилов ауданына көшіп барған жерлесіміз Мұхтар Айтуғанов:

– Қашанда жігіттің бағын ашатын да, сағын сындыратын да – баспана. Отау құрып, шаңырақ көтерген соң жалдамалы үйде тұрып, біраз қиналдық. Баспана алуға, салуға жеткілікті қаражатымыз болмады. Берекеміз қашты. Оның үстіне балалар есейіп келе жатыр. Қашанғы үй жалдап, көшіп-қонып жүреміз. Қоныс аудару бағдарламасы туралы естіп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткіземіз деп шештік. Жаңа орта, жаңа жұмыс, жақсы өмір сүру үшін үлкен қадам жасадық. Міне, екі жыл болды. Көшіп келген соң материалдық көмек берілді. Сонымен қатар, баспана алуға да жәрдемдесті. Тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификатын алып баспана алдық. Мұндай қолдау шаралары жаңа ортаға тез бейімделуге үлкен мүмкіндік береді. Жұмысқа орналасу мәселесі де шешімін тауып, отбасымызбен жаңа өмір бастауға жағдай жасалды. Бәрі керемет болды десем артық болар қиындықтар да кездесті, – деп күлді Мұхтар Нұрхожаұлы.

Мұхтар Айтуғанов «Ауылшаруашылығы өндірісінің шебері» мамандығын бітірген. Зайыбы  Гүлназ  Мұкашова бала күтімінде. Отбасымен бірге көшіп барған Іңкәр 7, Әмина 5, Аяла 3-сыныпта оқиды. Әуезов кентінде туған, тізгін ұстар  Әлмұхамед үйде. Қысқасы, отбасының жылдар бойы аңсаған арманы орындалып жатқанына да қуанышты.

Бір айта кетерлігі Абай облысында халық саны аз шоғырланған ауылдарға көшіп келгендерге жергілікті кәсіпкерлер, ұжымдар тарапынан мемлекеттік бағдарламадан тыс азаматтық қолдау көрсетіледі. Бұл үрдіс Жарма ауданында жақсы жолға қойылыпты.

Жетісу облысы, Талдықорған қаласынан былтыр Қыркүйек айында көшіп келген 1 отбасына (8 адамға) халық саны аз шоғырланған Қапанбұлақ ауылдық округі Егінбұлақ ауылының С. Әлімбетов атындағы негізгі мектебінің ұжымынан, ауыл тұрғындары тарапынан уақытша тұрғын үй, 2 ірі қара, 10 бас ұсақ мал берілді. Қыркүйек айында Аршалы ауылдық округі, Жарықтас ауылына көшіп келген 1 отбасы 2 адамға жеке кәсіпкер «Кирюши» тарапынан 2 тонна көмір түсіріп берді. Жарық ауылдық округі, Малай ауылына қараша айында көшіп келген 1 отбасы 8 адамға Малай ауылының тұрғындары тарапынан уақытша тұрғын үй 2 тонна көмір, ағаш, азық түлікпен көмек көрсетілді, – дейді Жарма аудандық «Мансап» орталығының директоры Қайрат Садықов.

Биыл Жарма ауданы ерікті қоныс аударушылардан 28, қандастардан  25 адамға көшіру квотасын бекітіпті. Қазіргі таңда Жетісу облысынан үш отбасы  көшуге ниет танытқан. Олармен де кездесіп, көш көлікті болсын айттық. Егер құжаттары комиссияның сараптамасынан өтсе, жармалық жерлестердің қатары көбейе түспек.

Абай облысында ерікті қоныс аударғандардың  ішінде әр саланың мамандары бар. Тіпті олардың қатарында Абай туған аймақтың өнер, мәдениет саласында еңбек етіп, руханияттың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды кездестірдік. Біз келе жатыр дегенді естіген Абай аудандық «Мансап» орталығының директоры Нұрбек Серікбекұлы Қаратал ауданының Бастөбе ауылынан көшіп барған Балтабек Какимовтың жетістіктерін таныстырып, сұхбаттасып қайтуымызды өтінді. Біз Балтабек Қайырбекұлымен Абай ауданының орталығы Қарауыл кентінде жолықтық.

– Осы жаққа көшіп келсем деген ой біраз жылдан бері көкейімнен кетпей жүрді. Өткен жылы Арнайы Абай ауданына келіп, «Мансап» орталығындағы мамандармен кездесіп, өзімнің жоспарымды айттым. Олар бірден қолдау танытып, көшіп келгеннен кейінгі көрсетілетін көмек, мүмкіндіктерді түсіндірді. Ол кезде мен Қаратал ауданының Бастөбе ауылындағы колледжде жұмыс істейтінмін. Зайыбым Айнұр Түсіпқан бастауыш сынып мұғалімі еді. Көшіп келген соң мені Құндызды ауылдық Мәдениет үйіне, зайыбымды мектепке мұғалімдікке орналастырды. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен үй сатып алдық, балалар мектепке, балабақшаға орналасты. Бүгінде ауылдың мәдениетіне үлес қосып, балаларды өнерге баулып жүрмін, – дейді Балтабек Қайырбекұлы.

Аудан орталығынан 60 шақырым жердегі Құндызды ауылынан Балтабек  Қарауыл кентіне өнерге баулып жүрген шәкірттерін байқауға қатыстыруға келіпті. Шәкірттері жүлдегер болып, желпініп тұрғанда кездесіп, қуанышымен бөлісіп, көңілденіп қалдық. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген осы шығар.

Жалпы 10 аудан, 2 қаланы қамтып жатқан Абай облысының барлық елді мекенінде жерлестеріміз тұрып жатыр. Оның бәрімен кездесіп, сұхбаттасуға, қал-жағдайын білуге біріншіден уақыт тапшылығы, екіншіден қысты күнгі ауа райының қолайсыздығы мүмкіндік бермеді. Кейбір елді мекендерге жол жабық болғандықтан жете алмадық. Сондықтан облыс орталығынан алыс орналасқан Мақаншы, Үржар, Көкпекті, Ақсуат, тағы басқа аудандарда қоныстанған жерлестерімізбен телефон арқылы хабарластық. Бәрінің көңіл күй көтеріңкі, бағдарламаның мүмкіндігіне, мемлекеттік қолдау арнасына дән риза. Мақаланың көлемі шектеулі болғандықтан кездесіп, сұхбаттасқан ағайындардың пікірін толық көрсете алмадық. Бірақ сапар барысында облыстық, аудандық басылымдарға бас сұғып, Абай облысының басты ақпарат алаңы болып саналатын «018.kz – ABAI AQPARAT» ұжымының мүмкіндігін көріп, «Қазақстан-Семей» телеарнасының «Елге сәлем» бағдарламасына сұхбат беріп, сапар барысындағы сезінгенімізді айттық. Сондай-ақ, абайлық әріптестерімізден көшіп барған жетісулықтардың ой-пайымы мен жетістіктерін БАҚ арқылы насихаттап тұруын өтіндік. Ол өнімдерді «Jetіsу» газеті арқылы жерлестерімізге жеткізіп, ортақ істің нәтижелі жалғасуына сеп болатынымызды білдірдік. Сапар барысында Абайдың Жидебайдағы мұражай үйі, Семей қаласындағы Абай Құнанбаев мемориялды мұражайын араладық. «Абай-Шәкәрім» мемориялды кешені, Еңлік-Кебек кесенесіне тәу етіп, Күшікбай батыр бұлағынан дәм таттық.

Абай облысындағы іссапарымызда біраз дүниені көңілге түйіп қайттық. Ең алдымен руханияттың бесігі саналатын мекендегі тұрғындардың қонақжайлылығы мен алыстан келген ағайынға жасалатын құрметін сезіндік. Сонымен қатар, Абай облыстық еңбек мобильділігі орталығы мен аудандардағы «Мансап» орталығында ыңғай таудың тасындай іріктелген өз жұмысына шынайы берілген, біліктілігі жоғары, ізеті мен құрметі өңінен есіп тұратын қыз-жігіттердің жұмыс істейтінін көрдік. Демек, Абай еліне көшіп барғандардың жұмысы тез бітіп, көп қиналмай орналасып, бірден сіңісіп кетуінің себебі осында жатыр. Ең бастысы, көрші облысқа көшіп барған ағайындардың жағдайымен жақыннан танысып, бағдарлама аясында жұмыс істейтін мамандармен қарым-қатынас орнатқанымыз болды. Демек, Абай облысына көшуді жоспарлаған жерлестерімізге тәжірибелік те, моральдық та көмек көрсете алатын мүмкіндікке қол жеткізіп қайттық.

Биыл Абай облысына «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы шеңберінде 499 адамға (244 қандас, 255 қоныс аударушы) қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы жоспарланған. Жетісулық жерлестерімізге: «Бұл мүмкіндіктен қағыс қалмаңыз?» дегіміз келеді.

Қажет Андас
Абай облысы