Қасым-Жомарт Тоқаев: "Ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек"

Уақыты: 14.03.2025
Оқылды: 676
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда аутизмге шалдыққан балаларды оңалту бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

-Бұдан бөлек, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар.

Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет.

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек, - деді.

Сонымен қатар Президент Ұлттық құрылтайды әр облыста өткізудің ұтымды тұсын атады.

- Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Менің тапсырмаммен бүгінгі басқосуға Ақмола облысының бір топ азаматы қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар бар.

Мен осы аймақтың дамуына айрықша мән беремін. Сондықтан Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударғым келеді.

Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Фото: Ақорда