ЕЛОРДАҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1050
Бөлім: САЯСАТ

Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары Астананың 20 жылдығы аясында «Жетісу» саябағының ашылуына орай өтетін салтанатты шарада Елорда халқын әсем сазға бөлеу үшін жолға шықты. Айтулы мерекеге Алматы облысының тартуы – бұрынғы «Арай», қайта жөндеуден өтіп, жасанған «Жетісу» саябағы. 

Жетісу жұртшылығы атынан сыйға тартылып жатқан саябақтың ашылуы 1 шілдеде өтеді.  Онда облысымыздың М. Төлебаев атындағы оркестрі, «Адырна», «Сазген», «Құлансаз», «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, дәстүрлі және эстрада әншілері өнер көрсетпек. 
Облыстық филармонияның директоры Данияр Құрамысовтың айтуынша, өнерпаздардың дайындығы ойдағыдай. Астана туралы жаңа әндер жазылған. Жетісудың да ән-күйі шалқитын болады. 
Жалпы Астанаға Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Абдуәлиев бастап 220 өнерпаз жол тартуда. Сонымен қатар Астананың 20 жылдығына орай Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде «Жетісудың 20 музейі» атты көрме ұйымдастырылған. Оған Алматы облысының 20 музейінен 355 экспонат қойылды. Музей көрмесі 8 шілдеге дейін жұмыс істейтін болады. Музейден Астана қаласы жұртшылығы Жетісудың тарихи жәдігерлерімен тереңірек таныспақ. 
Ал, біз облысымыздың атынан мерейтойдың өз деңгейінде өтуіне үлес қосып, Жетісудың өнерін асқақтатып жүрген жандарға сәттілік тілейміз.

Алма ЕСЕНБАЕВА