Қанатты Қапшағай - жаңа жағажай

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1600
Бөлім: САЯСАТ

Астана қаласының 20 жылдығы мен Журналистер күнінің қарсаңында Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жаңа ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында қабылдап, баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылар жоспарларымен бөлісті. Қапшағай Жетісу өңірінің ғана емес, республикаға көгілдір көлімен танымал қала болған соң да ішкі туризмді жандандыру мақсатында атқарылған шаралардың бірқатарына тоқталып өтті. Өткен жылдың жазында дәл осындай кездесуде айтылған жобалардың нәтижесін бірге тамашалауға шақырды.

Иә, осы уақыт аралығында  қаланың көркін келтірген серпінді бастамалар жалғасын тауып жатыр. Жалпы қаланың инфрақұрылымы 40 пайызға жаңарған. Коммуналдық шаруашылық қызметі қайта жаңғыртылып жатыр. Тозығы жеткен 32 көпқабатты үй сүріліп, тұрғындар жаңа үйге көшірілген. Өткен жылы облыстық бюджеттен 300 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін 29 аула жаңартылған. Мәселен, шағын аудандардағы жолдар жөнделіп, әдемі қоршаумен қоршалып әрбір үш үйге ортақ футбол және балаларға арналған алаңдар салынып, көше жарықтандырылып, тұрғындар үшін жайлы жағдай қалыптасуда. 
Ең басты атап өтерлігі көңілді бірден баурап, көз қуантып жаныңа шабыт сыйлайтын жаңа жағажайдың ашылуы болды. Бұл коммуналдық шаруашылықта тұрған жеті жағажайдың біріншісі. Қаланың орталық алаңында қазақтың ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың менмұндалап тұрған еңселі ескерткішіне сәлем беріп, орталық гүлзармен еркін аяңдап, көгілдір көлге қарай жол тартасың. Көлікпен келген жүргіншіге автотұрақ дайын тұр. Көл жағасы бұрынғыдай бос кеңістік емес, көлеңкелі жаздық дәмханалар, сауда нүктелері, жағажай воллейболы мен футбол, балалар алаңдары, су аттракциондары орналасқан. Ең бастысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқару стансысы, алғашқы көмек көрсету медициналық бөлімшесі сынды 20-дан аса нысан халыққа қызмет етеді. 
Жалпы қала аумағында 150-ге тарта демалыс орындары өткен жылы 500 мыңға тарта туриске қызмет көрсеткен. Биыл жаңадан ашылған жағажайда туристердің легі екі есеге артады деп күтілуде.
Болашақта қалған жағажайларды да дәл осылай қалыпқа келтіріп, ішкі туризмнің үлесін арттырмақ мақсаттарымыз бар. Жағажай аумағында дене шынықтыру және сауықтыру кешені, мұз айдыны бар спорт сарайы сияқты нысандарды жалғап тұратын қонақ үй салу көзделуде. Спортшылар үшін теннис, баскетбол орталықтары, арнайы спорт залы, 600 орынға лайық амфитеатр салынбақ», – дейді Талғат Қанатұлы. 
Айта берсе жоспар көп. Ең бастысы жоспарланған жобалар жүзеге асып келеді. Қаланың елу жылдығы да таяу уақытта тұр. Оған дейін де қаланың сымбатты келбеті ажарлана түсіп, жаңа бастамалар бой көтермек. Осының бәрі ел дамуы жолындағы жүзеге асырылып жатқан игілікті істер.

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы