Еуразияның жауһары

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1551
Бөлім: САЯСАТ

Ұлы Дала елі атанған ұлан-байтақ Отанымыздың жүрегі әрі Рухани жаңғыру үдерісінің символы Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Уақыт өткен сайын толассыз толығып, динамикалық қарқынмен дамып келе жатқан Еуразия жүрегіндегі елорда архитектуралық тұрғыдан келгенде әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі ғана емес, бірегейіне айналып, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттары қыздың жиған жүгіндей сап түзеп, сәулетіне дәулеті сай, іргелі мегаполиске тән сипатқа ие болды. Бүгінде Астана қай тұрғыдан алсақ та әлемдік стандарттарға толық сай. Мұнда көз тартатын нысандар жеткілікті.

«Театр киім ілгіштен басталады» демекші, әлемнің қай бұрышынан келсе де қонақтарын құшақ жая қарсы алатын халықаралық стандарттардың озық  үлгілерін ескере отырып, бой көтерген әуежайы мен теміржол және автокөлік вокзалдары да, сымдай түзілген қонақүйлері де, «Астана Опера» театры мен заманауи концерт залдары да, іргелі университеттері мен өзге білім ошақтары да, бүгінгі инновациялық технологияларды бойына жинақтаған денсаулық сақтау нысандары да, тез дамып келе жатқан транспорт жүйесі де, ірі халықаралық форумдар өтетін іргелі нысандары да, қала тұрғындары ғана емес, шетелдік туристер де емін-еркін серуен құратын жасыл желекке оранған парктері мен саябақтары және заманауи спорт кешендері көздің жауын алады. Сосын, бұлай деуге іргетас болатын негіздеме де жеткілікті. Біріншіден, қаланың бас жоспары о бастан-ақ мінсіз жасалған болатын.
Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен елімізге келіп, Астананың бас жоспарын түбегейлі жасақтауға атсалысқан жаһандық архитектура әлемінің ең озық ойлы ғұламалары, жапондық сәулетші Кисе Куракава мен есімі әлемге әйгілі британдық архитектор Норман Фостердің сіңірген еңбегін ерекше атап өту – парыз. Шындап келгенде, Астананың ғана емес, жаңа замандағы егемен Қазақстан мемлекеттігінің де бас сәулетшісі және еліміздің сындарлы ішкі саясаты мен көпвекторлы сыртқы саясатының сомдаушысы да Елбасының өзі екені күмән тудырмайды.
Өзінің 20 жылдық тарихында Астана Елбасының бастамасымен тегеурінді іске асырылып келе жатқан ондаған мегажобаның локомотивіне айналды. Бұған 2010 жылы елордада өткен ЕҚЫҰ саммитін, халықаралық аренада үлкен құрметке ие болған әрі алда алтыншы рет өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, Астанада тұсауы кесілген Еуразиялық экономикалық одақты, кейінгі 11 жыл бойы үзбей өткізіліп, Азия Дауысы атанып үлгерген Астана экономикалық форумын, бұл күнде іргелі халықаралық ұйымдардың санатына қосылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ұйымының саммиттерін, сол сияқты 2011 жылы елордада өткен қысқы Азия ойындарын, сонымен қатар, Сириядағы қанды шиеленістерді тоқтату мақсатымен кейінгі жылдары елордада үзбей өткізіліп келе жатқан бітімгерлік шараларды жатқызуға болады.
2017 жыл Астана өміріндегі ең айтулы тарихи кезең болды. Жаһандық Халықаралық көрмелер бюросының басшылығымен Астанада өткен халықаралық мамандандырылған ЭКСПО–2017 көрмесі ел өміріндегі ең айтулы тарихи белес болуымен қатар Ұлы Дала елінің атақ-даңқын күллі әлемге паш етіп, халқымыздың әр азаматының санасына сәуле шашқан Рухани жаңғырудың ғажап үлгісі болды. Сол қатарда Астана халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанатын айта аламыз. Сөйтіп, Астана бұдан былай әлемдегі саусақпен санарлық Лондон, Нью-Йорк, Париж, Франкфурт, Токио, Сингапур, Шанхай, Гонконг, Цюрих, Мадрид, Амстердам, Майами, Лос-Анджелес, Мехико, Сан-Паулу, Сеул, Сидней, Дубай және Мәскеу секілді әлемдік және аймақтық қаржы орталықтарының арасынан өз орнын ойып алатын болады. Бұл бастаманың басында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Сосын, Астана халықаралық қаржы орталығын құру жөніндегі тапсырмасын Елбасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, отандық банк және қаржы жүйесінің кәсіби де білгір маманы, математик, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің және АҚШ-тың Джорджтаун университетінің түлегі әрі мемлекеттік тілмен қоса орыс, ағылшын, француз тілдерін де жетік меңгерген, сондай-ақ, еліміздегі мемлекеттік жауапты қызметтер тізбегінен ысылып өткен Қайрат Келімбетов секілді білікті тұлғаға жүктелуі бекер емес. Өйткені әлемдік мәні бар мегажобаны аз уақыт ішінде әрі сапалы іске асыру тек осындай білікті тұлғаның ғана қолынан келетін аса жауапты жұмыс болатын. Мәселен, кейінгі екі жылда аталмыш орталық төрағасының басшылығы атқарған және әлі де іске асырып жатқан іс-шаралардың көңіл көншітетінін айту – парыз. 
Біріншіден, орталық командасы жоғарыда аталған бүкіләлемдік мәнге ие Лондон және Нью-Йорк қаржы орталықтарымен қатар зоналық және аймақтық мәнге ие өзге халықаралық қаржы орталықтарының бәріне де жиі-жиі ат ізін салып, олардың әлемдік қаржы нарығындағы іс-тәжірибелерімен етене жақын танысып, зерттеп, зерделеп, Астана халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыру жұмысына да, болашақ инфрақұрылымын жасақтауға да жете пайдаланатын таптырмайтын үлгі екені айқын көрініп тұр. Екіншіден, Астанада өз жұмысын бастап кеткен Халықаралық қаржы орталығы географиялық тұрғыдан да үлкен мәнге ие. Өйткені бұл орталықтың алып Азия мен Еуропа құрлықтарының арасында орналасуы қай тұрғыдан да өте тиімді. Бір жағынан ол алып Қытай қаржы нарығына тиіп тұрса, екінші жағынан Ресей қаржы нарығына да қол созым жерде, тіпті, Орталық Азия нарығы мен алыс-жақын көршілес мемлекеттердің қаржы жүйелері үшін де өте тиімді болатыны күмән тудырмайды. Үшіншіден, географиялық тұрғыдан келетін болсақ, Астана қаржы орталығы мен жаһандық мәнге ие болып отырған іргелі Лондон халықаралық қаржы орталығының арасында белгілі бір ұқсастықтың бар екенін байқамау мүмкін емес. Өйткені Лондонның Батыс пен Шығысты бөліп тұрған нөлдік меридианда орналасуы оны барлық нарықтарға, оның ішінде Таяу Шығыс нарықтары мен Африка нарығына да қолжетімді етіп, үлкен рөлге иелік етуге мүмкіндік беріп отыр. 
Әрине, бұл жерде Астана қаржы орталығының тиімділігін тек географиялық тұрғыдан ғана сөз етіп отырмыз. Демек, біз оның жоғарыда аталған қаржы орталықтарының деңгейіне жетуі үшін алдағы ұзақ жылдар бойы тер төгуіне тура келетінін назардан мүлде тыс қалдырып отырған жоқпыз. Мәселен, Лондон халықаралық қаржы орталығының әлемдегі бүгінгі көшбасшылық рөліне жету үшін 200 жылдың, ал Нью-Йорк пен Токио орталықтарына бір ғасырдың қажет болғанын еске салып отырмыз. Төртіншіден, Астана қаржы орталығы айналасындағы өзге нарықтарға тартымды болуы үшін Лондон қаржы орталығы секілді төменде топтастырылған ондаған сипатқа қол жеткізуі шарт: 
– табыс салығының төмендігі жағынан Лондон бүгін өзге орталықтардың бәріне үлгі болып отыр. Мәселен, Лондонның салық ережелері өзгелер үшін таптырмайтын мүмкіндік, өйткені табыс салығының төмендігі жағынан Британия, АҚШ, Германия, Франция және Италия секілді мемлекеттердің бәрінің де алдын орап кетеді және бұл Астана қаржы орталығы үшін де ең қажетті тетік; 
– соңғы онжылдықта бизнес үшін әлемдегі ең тиімді мекенге айналғандықтан, Лондон бүкіләлемдік қаржы орталығы деген атақтан ешқашан айырылып көрген емес; 
– әлемдегі кез келген компания бүгінгі таңда Лондонда орналасқан ондаған қаржы тетіктері мен мүмкіндіктерге қол жеткізе алады, өйткені «ақша – тауар» деген аксиома осы нарықта алғаш рет шындыққа айналды, себебі бұл нарықта, іздегенге сұраған демекші, қомақты инвестиция іздеушілер де, ондай инвестицияны тиімді орналастыруға ынталы қаржы мекемелері де жетіп артылады; 
– Лондон Сити тек Еуропа нарығында ғана емес, бүкіләлемдік қаржылық нарықта да аса жоғары рөлге ие; 
– Лондон Сити бар болғаны бір ғана квадрат мильде орналасқанына қарамастан, мұнда институционалдық инвесторлардан, атап айтқанда, өз есеп шоттарында миллиардтаған қаржы жинақталған әртүрлі банктер, инвестициялық, зейнетақы немесе сақтандыру қорларынан аяқ алып жүре алмайсың; 
– бүгінгі таңда Лондон Ситидің өзінде ғана 474 шетелдік банк орналасқан; 
– ашық ақпарат көздерінен белгілі болып отырғандай, Ситиде орналасқан әртүрлі қорлардың жиынтық қаржы сомасы бүгінде 9 триллион долларды құрайды; 
– қаржылық және саяси ықпалы ұшан-теңіз болғандықтан, Лондон Ситиді халықаралық аренада бүгін «күллі әлемді билейтін алтын миль» деп те атап жүр; 
– халықаралық қаржылық операциялар жасауда бүгінгі әлемде Лондонға тең келетін бірде-бір нарық орталығы кездеспейді, өйткені сыртқы эминенттер акциялары сатылымының 35 проценті де, сол сияқты валюталық операциялардың үштен бірі де, биржадан тыс нарық операцияларының 40 пайыздан астамы да, сондай-ақ, еурооблигациялар сатылымының 70 пайызы мен халықаралық банк кредиттерінің 60 проценті де осы қалаға тиесілі; 
– Лондон, сонымен қатар, алтын, күміс немесе платина секілді бағалы металдар сату жөнінде де ең алдыңғы шепте келеді; 
– Ситидің тағы бір тартымды ерекшелігі – бірегей әрі еш мемлекетке бағынбайтын өте әділетті британдық сот жүйесін басшылыққа алып отырғандығы.
Дәл осы сот жүйесін Астана қаржы орталығы да енгізіп отыр. Демек, жоғарыдағы басымдықтарды нысанаға алып қана қоймай, оларды іс жүзіне асыруды өз міндетіне алған Астана қаржы орталығының алдында өте жауапты міндеттер мен кезеңдердің күтіп тұрғанын көзге елестету қиын емес және бұл туралы Қытай Халық Республикасының маңдайалды «СGTN» телекомпаниясы арқылы әлемге таратылған ағылшын тілінде берген ауқымды сұхбатында Қайрат Келімбетов мырза да егжей-тегжейлі тоқталғанын атап өтудің реті бар. Ендеше, Астананың ғана емес, күллі Еуразия аумағының жауһарына айналып келе жатқан жаңа халықаралық қаржы орталығына сәттілік тілейміз.

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі