Алакөлде «Astana» ашылды

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1971
Бөлім: САЯСАТ

Тақырға тау тұрғызу оңай еместігі әлмисақтан аян жайт. Алайда егемендігімізді еншілеп, дара ел болған тұста Елбасының бастамасымен Сарыарқаның төсіне салтанатты қала тұрғызу ісі қолға алынып, жаңа астанамыз бой көтерген еді. Міне, енді, кеше ғана Есілдің ерке самалынан да қисая қалатын жас терек мәуелі бәйтерекке айналып, жиырма жылдық тарихын тасқа қашады. Бұл береке-бірлікке құмар ұлтымыздың тас түйін ымырашылдығы мен Мемлекет басшысының көреген саясатының ықпалы десек қателеспеспіз.

Жиырма жылдық межені еңсерген Елордамыздың мерейлі мерейтойына алакөлдіктердің де өзіндік сый-сияпаты болды. Аудан орталығы Үшарал қаласының шығыс беткейінде жеті гектар жер аумағында жаңа саябақ бой түзеп, оған «ASTANA» атауы берілді. 
Төр қаламыздың төл мерекесінің қарсаңында аталмыш демалыс орнының ашылу салтанаты өтіп, сәні мен сәулеті астасқан жаңа нысан өз қызметін бастады. Көптен бері талқылаудағы басты тақырыпқа айналған саябақты тамашалауға тұрғындар мыңдап жиналды. Сөз алған аудан әкімі Ә. Жақанбаев Үшаралдың көркіне көрік үстеп тұрған демалыс орны тірліктері бөлек дөңгелегенмен, тілектері ортақ бұқараның бос уақыттарын тиімді өткізуге таптырмас мекен екендігін, сонымен қатар бұл жер талай тамаша күндеріміздің куәгері болатынынан күмәні жоқтығын жеткізді.
Артынша дәмі кетпеген дәстүріміз бойынша киесі кимешегінен сезілер әз әжелеріміз шашу шашып, әуезді әуеннің сүйемелдеуімен саябаққа алғашқы демалушылар да кірді. Нағыз тосын сый аспан астындағы сахна төріне қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мадина Сәдуақасова мен Бауыржан Исаевтың көтерілуі болды. Көбіне теледидардан тамашалап жүрген әншілермен бетпе-бет жолыққан халық алғашында абдырап та қалды. Екі сағатқа созылған концерттік бағдарлама барысында театр тарландары, сазды әуеннің ырғағымен сызыла билеген бишілер, көрермендердің жүрек қылын дөп шерткен қос жұлдызымыз өз өнерлерін көрсетіп, елдің ықыласына ие болды. Саябақтың бой көтеруіне ұйытқы болған «Алакөл Жылу» ЖШС ұжымына да аудан әкімі ризашылығын жеткізіп, Алғыс хат табыстады. Аталмыш мердігер компанияның тыңғылықты қызметінің арқасында алып һәм ажарлы демалыс орнына дем бітті. Әр келушіге айқара ашылған қақпадан кіре сала үлкен субұрқақты, сол жағыңыздан ұлттық тағамдарымыз ұсынылатын қазақ үйді, оң жағыңыздан Елорданың символына айналған «Бәйтеректің» көшірмесін көре аласыз. Одан әріректе ашық аспан астындағы сахна, көрермендерге арналған орын, спорттық құрылғылар мен балалардың ойынына негізделген түрлі нысандар орын тепкен. Сонымен қатар, саябақтың дәл орта тұсынан алып сағат және әр жерге әткеншектер қойылған. Мұның барлығы халық игілігі үшін атқарылған ауқымды істер.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы